Тамақ бағасының қымбаттауы көп жерде байқалу үстінде. Соған қарамастан ел үкіметі бағаларды ауыздықтау бойынша көптеген шараларды қолға алды. Оның ішінде Шымкент қаласының әкімдігі де бағаларды тұрақтандыруда тиісті деңгейде жұмыстарды атқарып келеді. Осы мақсатқа орай бүгінгі таңда кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат берілді. Қаланың бірнеше аумағында азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып жатыр. Жәрмеңкеде өнімдер базар нарқымен салыстырғанда бірнеше пайызға төмен бағада жергілікті халыққа ұсынылады. Сонымен бірге нан жабатын наубайханалар жеңілдетілген бағада ұнмен қамтамасыз етіліп отыр.
Тарқатып айтқанда, өңірлік тұрақтандыру қорына 7,7 млрд.теңге қаралып, сол сомадан ірі сауда желілеріне және жергілікті тауар өндірушілеріне 7 млрд. теңгеге айналымға қарыз қаражат беріліп, келісім-шарттар түзілді. Келісім-шарттар негізінде, 40-қа жуық сауда желілерімен әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бекітілген бағада сатылып жатыр. Бұдан бөлек, жергілікті ұн өндіруші кәсіпорындар «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» арқылы бекітілген бағада ай сайын бидаймен қамтамасыз етілуде.
Аталған шаралар бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан бағасын тұрақты ұстап тұруға көмектеседі. Осы күнде 1800-ге жуық азық-түлік нысандарында қалыпты бөлке нанның бағасы 90 теңгеден сатылып жатыр.
Қант нарығындағы қалыптасқан жағдайға байланысты, ішкі нарықта құмшекердің тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның мысалы ретінде, өңірлік тұрақтандыру қоры аясында «Magnum Cash&Carry» және «GraMad» сауда желілерінде қантты 480 теңгеден сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.
Бұдан бөлек, «Каис Инвест» қант орталығынан ірі азық-түлік сауда желілері мен базарларға қант 20 тоннадан, ал, өндіруші кәспорындарға 30 тоннадан 480 теңге бағамен күнделікті босатылып жатыр.
Алайда, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасынің өкілі Қ.Базарбековтың айтуынша, құмшекер тапшылығы мен спекуляцияны болдырмау мақсатында, тұтынушыларға базарда 3 келіден, сауда желісінде 2 келіден аспайтын шектеу қойылған.