Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Мақсат – Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмыс методикасымен танысу, әлеуметтік мекемелердің жұмыс барысын көзбен көріп, тәжірибе алмасу.
Арнайы топ құрамында Атырау облысының 7 ауданының әлеуметтік сала жетекшілері бар. Батысқазақстандық әріптестер, бірінші қаламыздың зейнеткерлеріне қызмет көрсететін «Белсенді ұзақ өмір» орталығында болды. Бүгінгі таңда 800-ге жуық ардагерлердің уақытын тиімді ұйымдастыруға үлес қосып отырған мекеменің жұмыс жасау әдістемесімен танысып, қызмет алушылармен тілдесті.
Арнайы топ өкілдері №4 балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына және «Бақытты жанұя» мен «Тең қоғам» мекемелеріне барды. Қос тарап аймақтардағы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік саладағы әдістемелер туралы өзара пікір алмасты.
Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда Шымкент қаласы мен Атырау облысы арасында өзара байланыс алдағы уақытта нығая бермек.
Сонымен бірге жуырда Шымкент қаласы Тұран шағынауданында «GraMad» сауда желісінің кезекті супермаркеті ашылды. Бұл аталған компанияның қаладағы 18-ші сауда нүктесі.
—Шымкент қаласында азық-түлік бағасын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Қор азық-түлік тауарларын өндірушілер мен ірі сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие береді. Өз кезегінде сауда желілері әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларын келісімшарт негізінде белгіленген баға бойынша сатады. Міне, осындай келісімшартпен жұмыс істеп жатқан компаниялардың бірі — «GraMad» сауда желісі. Бүгін тұрғындар саны жедел көбейіп келе жатқан Тұран шағынауданында кезекті, 18-ші сауда нүктесі ашылды. Компания жыл соңына дейін тағы да осындай 4 супермаркет ашуды жоспарлап отыр, — дейді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков.
Сауда орталығында әлеуметтік маңызға ие тауарлар белгіленген, яғни, арзандатылған баға бойынша сатылып жатыр. Мәселен, 1 келі күрішті — 290 теңгеге , шекерді – 460 теңгеге, бірінші сұрыпты ұнды – 170 теңгеге, пиязды — 100 теңгеге, ал, картопты 90 теңгеге алуға болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі