Еңбекші ауданында 35 елдімекен, яғни тұрғындардың 94,4 пайызы ауыз сумен қамтылған. 2022-2023 жылдары қамту көрсеткішін 98 пайызға жеткізу мақсатында биыл 6 елдімекенде (Қарабастау, Қаратөбе, Жұлдыз, Жыланбұзған, Айнатас, Тоғыс) құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады.
Бұл туралы қала әкімінің есепті кездесуінде аудан басшысы Д.Есілбек баяндады.
Кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 59 пайызға жеткізу үшін осы Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік Шығыс шағын аудандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін аяқталады. Ал Жұлдыз тұрғын алабында құрылыс биыл басталып, келер жылы қолданысқа беріледі.
Ауданды электр желісімен қамту келер жылы толығымен жүзеге асады. Осы мақсатта Абдулабад, Тоғыс, Тұрдыабад, Маятас, Оңтүстік, Айнатас елдімекендерінің жаңа құрылыс аумағында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Табиғи газбен қамту көрсеткішін бұл жылы 90,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Тоғыс, Елтай, Оңтүстік, Жыланбұзған, Қарабастау елдімекендеріне газ жүйесін тарту үшін ЖСҚ әзірленуде. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталмақ.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылы 18 көше жарықтандырылған болса, бұл жылы 34 көше жоспарда тұр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі