Шымкентте биыл 260-қа жуық жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады. Бұл игілікті істер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тапсырмасы аясында жүзеге асырылады.
Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен «Аграрлық несие корпрациясы» АҚ арасында келісімшарт жасалды. Жауапты басқарманың мәліметінше, бүгінгі таңда жеңілдетілген несие алуға 107 өтінім түскен. Соның ішінде, 56 құжат Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына комиссияның қарауына ұсынылды. Оның 23-і қаралып, 10 адам оң қортындысын алды.
22 мамырда Шымкент қаласы бойынша жастарға микрокредиттер беру мақсатында бизнес-жобаларды іріктеу үшін конкурс комиссиясының келесі отырысы өтеді.
Айта кетейік, жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.