Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Достық ауылының маңында жаңа халықаралық сауда-логистикалық орталық өз жұмысын бастады. Аталған жобаны Dostyk Storage ЖШС Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп жүзеге асырған болатын. Көзделген негізгі мақсат – трансшекаралық логистикалық инфрақұрылымды дамыту және «Алакөл» жол өткелінің өткізу қабілетін арттыру, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүк көліктерінің Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтуін жеделдету туралы бірнеше рет айтқан болатын. Осылайша, бизнес пен Үкіметтің бірлесе қатысуымен жүктерді өткізу қабілеттілігін арттыру және оны рәсімдеуді жеделдету шаралары жүзеге асырылды.
«Жүктерді өңдеу және сақтау үшін осындай орталықтар ашу Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Аталған орталық өз кезегінде шығыс шекарамыздағы алғашқы орталық әрі Достық – Шығыс Қазақстан мен Еуропа шекарасындағы ең озық бастама болып табылады», – деді кешеннің ашылу салтанатында ҚР көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Dostyk Storage қоймасының құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жаңа қойма кешені «Достық» кеденінің «Алакөл» кеден бекетінің өткізу қызметін тәулігіне 200-ден 600 жүк көлігіне дейін арттырып, тәуліктік жүк айналымын 4 мыңнан 12 мың тоннаға дейін арттырады деп күтілуде. Бұл жүк айналымын 1 миллион тоннадан 3 миллион тоннаға дейін арттырады.
«Қазіргі таңда «Алакөл» кеден бекеті арқылы бір бағытта небәрі 180 көлік өтеді. Биыл бұл бекетті жаңғырту жұмыстарын аяқтап, жүк ағынын 500 көлікке дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз»,- деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев.
Dostyk Storage ЖШС логистикалық орталығы 13,5 гектар аумақта орналасқан. Оның 3,5 гектарын үй-жайлары мен қойма инфрақұрылымы алып жатыр, ал 10 гектары жүк көліктерін қоюға бөлінген. Жобаға арналған жеке инвестиция 2,8 млрд теңгеден астам соманы құрады. Кешен 3 жылдық мерзімге 100 пайыз құрылтайшысы Мемлекеттік кірістер комитеті болып табылатын Nur Zholy customs services мемлекеттік кәсіпорнының басқаруына берілді.