Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы туризм саласы тұрақты өсім көрсетті. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты.
Туризм және спорт министрлігінің басшылығы ұсынған негізгі бастамалардың бірі – облыс әкімдіктеріне елді мекендерден тыс жерлерде, оның ішінде ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша өкілеттіктер беру. Қазіргі уақытта заңнамаға қажетті түзетулер Парламентте қаралуда.
«Мұндай қадам негізгі туристік дестинациялардың инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді. Туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленетін болады. Бұл ретте, өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет. Қазір тек бес өңірде жеке басқарма бар, тағы екі өңірмен пысықталып жатыр», — деп атап өтті туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.