2024-11-24 07:26:18
-0.7 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Сенатор 10 млрд теңге тиімсіз жұмсалып жатқанына ашуланды

Депутаттардың пікірінше, елде университеттер толықтай автономды болатын, ал оқу орнының тағдырын бір ректор емес, ғылыми кеңес шешетін уақыт келді.

Парламент сенатының бір топ депутаты премьер-министрдің атына сауал жолдап, жоғары білім саласындағы негізгі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды CITYNEWS.KZ ақпарат агенттігі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Депутат Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, биыл бюджет тапшылығына қарамастан, мемлекеттік білім гранттарының құны артқан. Бірақ университеттердің бүгінгі ахуалына қарап, білімге салынған ол қаржы толық ақталатынына сенім жоқ. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік грантта оқыған университет түлектерінің тек 40 – 74 проценті ғана жұмысқа орналасқан.

«Соның өзінде олар өз мамандығына сәйкес жұмысқа орналасты ма, жоқ па, белгісіз. Егер жағдай өзгермесе біз жылда бюджет қаражатының кем дегенде 10 миллиард теңгесін тиімсіз жұмсап отырамыз. Бұл дәйектер жоғары білім саласындағы елеулі кемшіліктердің бетін ашып отыр. Бұл мәселе тек жекеменшік университеттерді жабумен шешілмейді. Жалпы еліміздің университет жүйесін түбегейлі реттейтін уақыт келді», — деді Күрішбаев сенаттың жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік берілген. Бірақ олар толыққанды автономдық басқаруға әлі көшкен жоқ. Өйткені тек ұйымдастырушылық-құқықтық құрылымда ғана өзгерістер жасалған. Ал университеттердің ғылыми әлеуеті, білім беру бағдарламалары, инфрақұрылымы және басқару жүйесі өзгермеген.

Бүгінде университеттер іргелі ғылымдар бойынша тиісті деңгейде заманауи білім бере алмай отыр. Теориялық білімді практика жүзінде бекіту үшін тәжірибелік базалар да жоқ. Ал шетелдік университет түлектерінің басты артықшылығы сол, олар нақты өндіріс жағдайында инновациялық шешімдерді өз бетінше таба алады және көбісі оқуын аяқтағаннан кейін жұмыс іздемейді, керісінше, өздері жаңа жұмыс орындарын аша алады. Себебі дамыған елдерде барлық көшбасшы университет ғылыми-зерттеу оқу орны болып табылады. Ол жерде «зертхана-аудитория-өндіріс» қағидаты қатаң сақталады.

«Оқытушылар да өндірістің қажеттілігін жақсы біледі. Ал ғалымдардың ғылыми зерттеулері бірден жаңа білім беру бағдарламаларына айналып, оқу үдерісіне енгізіледі. Сол себепті студенттер үнемі заман талабына сай білім алып отырады», — деп атап өтті Күрішбаев.

Бұдан бөлек, шетелде академиялық саясат, білім беру және ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерімен университеттің ғылыми кеңесі айналысады. Ректорды да сайлайды. Басшылық кеңестің шешімдерін орындауға күш салады.

«Осылайша, ғылыми кеңес ұжымдық басқарудың, университетті тұрақты және жүйелі дамытудың кепіліне айналған. Ал бізде университеттің даму траекториясы көптеген жыл бір адамға, тек басшыға тәуелді», — дейді Күрішбаев.

Сенатор Назарбаев университетінің үлгісінде отандық жоғары оқу орындарын толыққанды автономды басқаруға көшіруге арналған реформаларды тезірек аяқтау қажет деп санайды. Сондай-ақ университеттердің ғылыми-техникалық әлеуетін дамытудың арнайы бағдарламасын қабылдау аса маңызды. Ғылыми кеңестің алқалы басқару органы ретіндегі өкілеттігін заңнамалық тұрғыда нақтылау қажет. Ректор тек ашық конкурс негізінде тағайындалуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР