Шымкентте «21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай салтанатты жиын өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін мерекемен арнайы құттықтап, мемлекеттік наградалар мен қала әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті.
Қала әкімінің орынбасары шаһарда мәдениет саласында оң өзгерістер бар екендігін, жалпы бұл мереке елімізде 2013 жылдан бері тойланып келе жатқандығын атап өтті.
– Қай ел болсын ең бірінші өзінің тарихы, өзіндік мәдениетімен ерекшеленеді. Сіздер қадірлі де, қасиетті салада қызмет етіп, ұлт руханияты үшін еңбек етіп келесіздер. Шымкент қаласы аз уақыттың ішінде мәдениет пен руханияттың ордасына айналды. Қала халқының мәдениетін көтеру бағытында көптеген мәдениет ошақтары қайта жаңғырды. Шаһардың мәдениетін көтеруде, тың идеяларды жүзеге асыруда сіздерге табыс тілеймін, – деді қала әкімінің орынбасары.
Шара барысында салаға елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер «Ерен еңбегі үшін медалімен», «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің марапаттарымен, сондай-ақ қала әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Олар:
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ерен еңбегі үшін» медалімен:
Мөлдір Айдарқызы Зияева — Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры әртісі;
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен:
Уәлибек Әкімқұлұлы Абдраимов — Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі;
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен:
Зухра Әмзеқызы Қарабекова — Концерттік-көрме орталығының директоры;
Сұлтанбекқызы Гүлнұр Умиралиева — А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының кітапханашысы;
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет» грамотасымен:
Дмитрий Евгеньевич Андронов — «Шымкент – Цирк» мекемесінің әртісі;
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Алғыс хатымен»:
Виктория Эдуардовна Тё — Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі марапатталды.
Жиында сала ардагерлерінің, түрлі мәдениет және өнер ұжымдары қызметкерлерінің еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.