Шымкент қаласында екі индустриалық аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Оның біріншісі – «Жұлдыз» ИА. Жалпы алаңы–306 гектар. Бұл аумақта 5 мың жұмыс орны құрылып, машинақұрастыру, фармацевтика, металлургия, жиһаз құрастыру, құрылыс өнеркәсібі қолға алынады. 200 млрд теңгені құрайтын сомаға 50 ірі инвестициялық жоба іске асырылады.
Екіншісі Қазақстандағы алғашқы жеке меншік «Стандарт» индустриалды аймағы. Оның аумағы 118,9 гектар. Онда 176 мың шаршы метрге дайын өндіріс алаңдарын құру және 64 мың шаршы метрге қойма алаңдарын салу көзделуде. Екі аймақ та Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын ұлғайту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес салынып жатыр.
Сонымен бірге, аумағы 133 гектарды құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағының құрылысы жүріп жатыр. бұл аймақта ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңделеді. 1500 адамды жұмыспен қамтитын 21 жобаны жүзеге асыруға 23 млрд теңге инвестиция тартылады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл 11 млрд теңгеге 369 жұмыс орнымен 14 жоба іске асырылатын болады.
Шымкент қаласында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаның арқасында 13,3 млрд. теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд. теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд. теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн.теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн. теңгеге 19 жоба қаржыландырылды.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн. теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн. теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген. Сонымен бірге мегаполисте «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы жұмыс істеп жатыр. Онда 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілген.