ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «БӘЙДІБЕК АТА» СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН АЯҚТАУҒА 1,2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысын аяқтауға Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен 1,2 миллиард теңге қарастырылды. Нысандағы құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Жоба Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы және Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – су қорын жинақтау, суармалы егіншіліктің мүмкіндіктерін кеңейту және ауыл шаруашылығы саласындағы су тапшылығы мәселесін азайту.

Жобалық сыйымдылығы 68 миллион текше метрді құрайтын «Бәйдібек ата» су қоймасының жалпы аумағы 680 гектарға тең. Инфрақұрылымдық нысан көктемгі су тасқыны кезінде ағын суды жинақтап, оны вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жинақталған судың бір бөлігін қолданыстағы «Бөген» су қоймасына қосымша жеткізу көзделген.

Су қоймасы іске қосылғаннан кейін 9,7 мың гектар жерді қосымша су көлемімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл суармалы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың сумен қамтылу сенімділігін арттырып, су тапшылығының алдын алуға және ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін көтеруге ықпал етеді. Әсіресе егіншілік кезеңінде суға сұранысы артатын шаруашылықтар үшін нысанның маңызы зор.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы өндірісі қарқынды дамыған өңірлердің бірі. 2026 жылы облыстағы жалпы егіс алқабы 911,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде 325,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 98,3 мың гектарға майлы дақылдар, 91,6 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары, 8,6 мың гектарға картоп, 173,6 мың гектарға мақта, 213,1 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілген. Ал өңірдегі суармалы жерлердің жалпы көлемі 573 мың гектарды құрайды.

Осындай ауқымды егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін облыста су инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, суару каналдарын реконструкциялау, жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағы су жүйелерінің тиімділігін арттыру бағытында жобалар іске асырылып жатыр. Бұл шаралар су қорын жинақтауға, су шығынын азайтуға, суармалы жерлердің көлемін арттыруға және жаңа алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызды тетігі ретінде су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде мұндай технологиялар қолданылатын егіс алқаптарының көлемін жыл сайын 150 мың гектарға ұлғайту көзделген. 2026 жылы су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың көлемі 702,3 мың гектарға жетті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1 миллион 362 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, су ресурстарына түсетін жүктемені азайту мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыруға басымдық беріліп отыр. Бұл ретте суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және суару мүмкіндіктеріне сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жұмыстары қолға алынған.

Жалпы, «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысын аяқтау Түркістан облысының су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі саналады. Нысанның пайдалануға берілуі су қорын маусымдық реттеуге, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және өңірдің аграрлық әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар