Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, тұрғын үй құрылысын дамыту бағыттарына басымдық беріліп отыр. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Алдымен Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығының жұмысы мен жылу желілерін жаңғырту барысы қаралды. 1952 жылы пайдалануға берілген бұл станса қала тұрғындарын, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін негізгі инфрақұрылым нысаны саналады. 2024 жылы стансадағы №7-12 қазандықтар жаңғыртылып, технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған ТГ-6 турбинасы қайта іске қосылған.
Қаладағы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында 14,5 шақырым магистральдық және 14,6 шақырым орамішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымдарында жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне және коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Жұмыс сапары аясында Түркістан қаласындағы денсаулық сақтау нысандарының құрылысы да назарға алынды. Алдымен 80 орындық №3 перинаталдық орталықтың жаңа ғимараты таныстырылды. Жоба Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында «Абу-Даби» даму қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда.
Төрт блоктан тұратын медициналық кешенде жүктілік патологиясы, босанғаннан кейінгі бөлімдер, босану және операция залдары, реанимация мен қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған. Сондай-ақ шала туған нәрестелерді күтуге арналған арнайы орындар жабдықталады.
Қазіргі таңда нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Медициналық жабдықтар екі кезеңмен сатып алынуда, ал қамтамасыз ету деңгейі 75 пайызды құрайды. Перинаталдық орталықты желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Медициналық мекеме іске қосылған кезде 70 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс жұмыстары 88 пайызға орындалған. Құрылыс алаңында 300 адам еңбек етуде. Жаңа аурухана пайдалануға берілгеннен кейін өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сапар барысында Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген 26 бес қабатты тұрғын үй де араланды. Аталған тұрғын үйлердің құрылысына 28,2 миллиард теңге бағытталған. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталып, биылғы мамырда толық аяқталған. Нәтижесінде жалпы саны 1 039 пәтерден тұратын жаңа тұрғын үй қоры қалыптасты.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты басшыларға бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру, Кентау қаласының жылу желілерін жаңғыртуға қажетті қаржыландыру мәселесін шешу, сондай-ақ медициналық және әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын уақтылы іске асыру міндеттелді.
Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, тұрғын үймен қамту мәселесін шешуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңғырту халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың және облыстың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып қала береді.
