Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 18:00-дегі жағдай бойынша Түркістан облысында сайлаушылардың 90,17 пайызы дауыс беруге қатысқан. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республика өңірлері арасында көш бастап тұр. Маңызды қоғамдық-саяси науқанға Түркістан облысының тұрғындары белсенді қатысып, өз азаматтық таңдауын жасауда. Өңірдегі жоғары көрсеткіш тұрғындардың сайлау үдерісіне деген белсенділігін аңғартады.
Еліміз бойынша сағат 18:00-дегі көрсеткішке сәйкес, 9 095 298 сайлаушы бюллетень алған. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 72,15 пайызын құрайды. Айта кетейік, Түркістан облысында барлығы 952 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 26 учаске жабық нысандарда орналасқан. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар 14 873 сайлаушы үшін дауыс беруге қолайлы жағдай жасалған. Жалпы облыста 1 204 659 азаматтың дауыс беру құқығы бар.
