2024-11-25 10:50:03
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Креативті индустрия талантты бағалайды

Креативті индустрия талантты бағалайды

Әлем елдері зияткерлікке, инновацияға және шығармашылыққа негізделген экономиканы дамытуға басымдық бере бастады. Қазіргі таңда экономиканың басым бағыттарының біріне айналып отырған креативті индустрия біраз елде мемлекеттік қолдауға ие. Оның Ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) қосқан үлесі 3 пайызға жетіп, дамыған елдерде 10-12 пайызды құрап отыр.

Біздің елде креативті индустрияның сәулет, сән, өнер, музыка, дизайн, кино, IT-технология мен  халық қолөнері секілді  шығармашылық бағыттары жұмыс істейді. Ұлттық экономиканы дамытуда өзіндік үлесі бар креативті индустрияның бұған дейін нақты анықтамасы мен тізбесі болмаған. Алайда, өткен жылы 6 маусымда Үкіметтің №448 қаулысымен осы қызмет түрлерінің тізбесі бекітіліп, оған 43 экономикалық қызметтің жалпы жүктемесі енгізілді. Бүгінгі күнде 32 мың кәсіпкерлік субъектісінде 300 мыңға тарта адам жұмыс істейді, олардың ел экономикасына қосқан үлесі – шамамен 2,7 пайызды құрап отыр. Жастарды жаңа жұмыс орындарына тарту арқылы  креативті индустрияның ІЖӨ-ге салымын 3 пайызға көбейту көзделуде. Ал, шағын және орта бизнес санын 80 мыңға дейін жеткізіп, келер жылы аталмыш жобаның ел экономикасына қосқан үлесін 5 пайызға жеткізу көзделуде.

Қазақстан Үкіметі бекіткен «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында» көрсетілген талдауларға сүйенсек, креативті сектордың әлемдік экономикаға қосқан үлесі тұрақты ІЖӨ-нің 3 пайызын құрап отыр. Бұл бағыт бойынша жұмыспен қамтудың кез келген басқа салаларына қарағанда 18-25 жас аралығындағы жастарға жұмыс орындарын көбірек ұсынады. Креативті экономиканы дамытудың көш басында АҚШ  тұр. Бұл елде креативті өнімдерге деген сұраныс та жоғары. Сонымен қатар, аталған саладағы экономиканы дамытуда Оңтүстік Кореяны ерекше атап өтуге болады. Кәрістердің кино, музыка, телевизиялық бағдарламалар, сериалдар, жоғары технологиялы ойын түрлерін әлемнің кез келген бұрышынан кездестіруге болады. Олардың креативті индустрияны пайдалана отырып, жаһандық нарыққа белсенді түрде қадам басуы өз мемлекетіне  миллиардтаған  кіріс әкелуде. Демек, дамығын елдер ақылы мен өнерін, ой еңбегінің жемісін сатып табысқа кенеліп жатыр. Біздің елде креативті индустрияны дамытуға кедергілер көп. Білім беру жүйелерінде адамды креативті ойлауға арнайы оқыта қоймайды, баланың шығармашылық қабілетін шыңдауға да құлықсыз. Білім саласын айтасыз,  еліміздің кәсіпкерлік саласында да креативті индустрия жеткілікті дәрежеде дамымаған. Креативті кластерлер мен хабтар, бизнес-инкубаторлар мен акселераторлар, арт-кеңістіктер мен көркем галереялар жоқтың қасы.

Дегенмен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, жыл басында креативті индустрия аймағын құру жұмыстары қолға алынған. Биыл мәдениет саласын дамытудың негізгі 6 бағыты бойынша жоспарлар дайындалып, жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Түркістан қаласында монументті өнер туындыларының орнатылуы туралы тұжырымдама дайындалып, соңғы 3 жылда орнатылған монументті өнер туындыларына мониторинг жүргізілген. Соның нәтижесінде 17 заңсыз орнатылған монумент заңдастырылды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бұл бағытта «Киелі қаланың, облыстың брендін жан-жақты қалыптастыруымыз керек. Әсіресе, мәдениет саласында Түркістанның өз бренді болғаны дұрыс. Біздің бишілеріміз де, әншілер мен ансамбльдеріміз де өзімізден шығатын әрі Түркістан екенін білдіріп тұратын сәнді киіммен өнер көрсетулері керек. Түркістан рухани астана болғандықтан туристер біздің мәдениетімізді, ежелгі дәстүрімізді көргісі келеді. Таланттарды іздеңіздер, конкурс ұйымдастырыңыздар. Өткізетін мәдени іс-шараларымыз республикалық, халықаралық деңгейде болуы қажет. Мәдениеттің барлық бағытын дамыту жұмысын жандандырыңыздар. Жауапты басқарма болған соң, аудан, қалалардың да мәдениетін жандандырыңыздар. Мәдениет үйлері тек жиналыс өткізетін орынға айналмасын. Әрбір ауданның өзіндік тіршілігі болғаны сияқты, қайталанбас мәдени бағдарламалары да болуы тиіс. Олардың заманауи бағытта жұмыс істеуін қадағалаңыздар. Сонымен қатар кітапхана пункттерін көптеп ашыңыздар. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажет. Қазір жас режиссерлер аз қаржыға жақсы сериалдар түсіріп жатыр. Туындылары Орталық Азия елдерінде таралуда. Солармен байланыс орнатып, Түркістанды насихаттайтын жобаларды жасау керек. Креативті индустрияны дамыту – уақыт талабы» деп тиісті мекемелерге тапсырма бергені де есте.

Расында да, біздің облыста креативті индустрияны дамытуға қызығушылық басым. Облыс әкімі баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, жастар дизайн, медиа, технология және басқа да салаларда өз идеялары мен жобаларын ұсынуда. Олардың ұсынған жобалары коворкинг алаңдары, инкубаторлар мен стартап алаңдарында қолданылуда. Сондай-ақ, креативті индустрияның түрлі бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары мен шеберлік сабақтары да жиі өтізіліп тұрады. Аталған сектордың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және туризмді дамытуға мүмкіндік беруде. Талантты жастар өздерінің шығармашылық жобаларының жергілікті халықтың да, туристердің де көңілінен шығатынына сенеді.  Креативті индустрияны қолдаған олар дизайн, сәулет, кино және бейне өндірісі, музыка, бейнелеу өнері сияқты инновациялық, технологиялық және шығармашылық салаларды дамытуға өз үлестерін қосатындығына қуанышты.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында креативті индустрия – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын және жұмыспен қамтуға ықпал ететін экономика секторы ретінде айқындалғандықтан оны қолдауға басымдық беру керектігін ерекше атап өткен болатын.

Демек, Президент айтқандай креативті секторды дамыта отырып,  қаржы- экономикалық тұрғыда ынталандыру мен қолдау қажет. Сол салаға креативті, талантты, білімді, кәсіби деңгейі жоғары жастарды тарту міндетті. Дизайн, сәулет, кино және бейне өндірісі, музыка, бейнелеу өнері сияқты инновациялық, технологиялық және шығармашылық салаларды дамытуға бағытталған интеллектуалдық әлеуетті пайдаланып, ел экономикасына елеулі табыс түсіруді мақсат тұту керек. Сонда облыстың әлеуеті де, экономикасы да өркен жаймақ.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР