Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң жобасы мен ілеспе құжаттар бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Citynews.kz сайты ҚазАқпарат сілтеме жасап.
«Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің озық тәжірибесін саралап, оңтайлы нормаларын назарға алдық. Осы орайда халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Бірінші рәсім соттан тыс банкроттық іс-шараларына қатысты. Оған азаматтар тиісті шарттар бойынша өтініш бере алады. Атап айтқанда, банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден аспаса, сондай-ақ ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы болса (36 018 теңге) соттан тыс рәсім іске асырылады. Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Бұл тұрғыда «Электрондық үкімет» веб-порталында немесе арнайы сервистік қосымшалар арқылы өтінім беріледі.
«Содан кейін, ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады. Сомасы 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.
Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды», — деді министр.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар:
- кәсіби бухгалтерлер;
- заң консультанттары;
- аудиторлар.
«Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі, Яғни, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі», — деді ведомство басшысы.
«Жалпы, банкроттықтың салдарына тоқталсақ, құжатта 5 жылға несие алуды шектеу ескерілген. Екіншіден, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. Үшіншіден, банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Сол себептен, азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлану қажет», — деді Е. Жамаубаев.