2026-08-25 14:51:08
32.9 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық мәдениетті нығайту – жалған ақпарат пен деструктивті ықпалдарға қарсы тиімді құрал

Қазіргі таңда ақпараттық кеңістіктегі өзгерістер қоғам мүшелерінен жоғары жауапкершілікті, сыни ойлау қабілетін және құқықтық сауаттылықты талап етеді. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформалардың кеңінен таралуы ақпарат алмасу мүмкіндігін арттырғанымен, жалған ақпараттың таралу қаупін де күшейтіп отыр. Мұндай жағдайда халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Елтану» жобасы аясында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Бәйдібек ауданындағы Боралдай және Орынбай Тайманов ауылдық округтерінде ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау, құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Кездесуге қоғамдық келісім саласының мамандары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, полиция қызметкерлері, этнос өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Хамит Исақов қоғамдық тұрақтылықты сақтауда әр азаматтың жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдағы келісім мен өзара құрмет мәдениетін нығайту мемлекет дамуының маңызды алғышарттарының бірі болып табылады. Әсіресе көпұлтты қоғам жағдайында этносаралық татулық пен қоғамдық бірлікті сақтау тұрақты дамудың басты кепілі саналады.

Жиында сөз алған облыстық Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Қайсар Мырзабай жастар тәрбиесі, рухани құндылықтарды дәріптеу және деструктивті идеологиялардың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Ол тұрғындарды ақпаратты тек ресми және сенімді дереккөздерден алуға шақырып, қоғамдағы түрлі арандатушылық сипаттағы ақпараттарға сыни көзқараспен қараудың маңызын түсіндірді.

Қазіргі таңда ақпараттық кеңістіктегі қауіптердің бірі – халықтың эмоциясына әсер ету арқылы қоғамдық пікірді бұрмалауға бағытталған жалған ақпараттардың таралуы. Мұндай ақпараттар қоғамда негізсіз үрей тудырып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан азаматтардың медиасауаттылығын арттыру және ақпаратты талдау мәдениетін қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

Кездесу барысында Бәйдібек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Айдос Арынбеков құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Ол тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерден аулақ болуға және күмәнді ақпараттарды таратпауға шақырды.

Жалпы, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және қоғамда жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар этносаралық келісімді сақтау, жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу және жалған ақпараттардың таралуына қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар қоғамдық келісімді сақтау, заң талаптарын құрметтеу, этносаралық татулықты нығайту және ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай іс-шаралар халықтың бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ жалған ақпарат пен бұқаралық сананы манипуляциялау әрекеттеріне қарсы тұруға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР