2026-06-12 19:30:30
31.7 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Лудоманияның алдын алу – отбасы мен қоғамның ортақ міндеті

Қазіргі таңда қоғам алдында тұрған өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік. Бұл құбылыс тек жеке адамның мәселесі ғана емес, отбасы тұрақтылығына, жастардың болашағына және қоғамның әлеуметтік әл-ауқатына әсер ететін күрделі қауіптердің біріне айналып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан алдын алу шараларымен қатар, қоғамдық институттардың, әсіресе отбасы мен аналардың белсенді рөлі ерекше маңызға ие.

Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында 2026 жылғы 10 маусымда Түркістан қаласындағы Достық үйінде Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің II тоқсандық отырысы өтті. «Лудомания – болашаққа төнген қауіп» тақырыбына арналған жиында отбасы құндылықтарын нығайту, жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу және қоғамдық сананы қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шара барысында Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудегі аналардың жауапкершілігі мен тәрбиелік рөлінің маңыздылығына тоқталды. Ал облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Эльмира Ұласбекқызы қоғамдық келісімді нығайту мен ұрпақ тәрбиесіндегі азаматтық институттардың рөліне назар аударды.

Жиында отбасы тәрбиесінің маңызын арттыруға бағытталған бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды. Аналар кеңесінің ардагері Дүйсенкүл Жамболова «Ана – отбасының жүрегі, қоғамның ұйытқысы» тақырыбында сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі ананың орны мен рухани құндылықтарды сақтаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның даңқты спортшысы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбековаға «Ұлы Ана» медалі табысталып, ол өз сөзінде жас ұрпақты адал еңбекке, отансүйгіштікке және жауапкершілікке тәрбиелеудің маңыздылығын жеткізді.

Лудоманиямен қатар қазіргі қоғамда кең таралып келе жатқан қауіптердің бірі – қаржылық алаяқтық пен интернет арқылы жасалатын заңсыз әрекеттер. Осыған байланысты Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай «Дроперлер және оның алдын алу» тақырыбында баяндама жасап, азаматтардың банк карталары мен жеке деректерін заңсыз пайдалануға бағытталған алаяқтық схемалар туралы түсіндірді. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуда халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттырудың маңызы ерекше екендігі атап өтілді.

Жиын барысында Бәйдібек аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нағима Қырықбаева «Лудомания – қоғам дерті: алдын алу және отбасы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, құмар ойындарға тәуелділіктің әлеуметтік салдарына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, лудомания адамның қаржылық жағдайына ғана емес, психологиялық денсаулығына, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасқа және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа да кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселемен күресте отбасы мүшелерінің өзара қолдауы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау ерекше маңызға ие.

Сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері Жандос Қапанов жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, маргиналдық топтардың қалыптасуына жол бермеу және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жастардың теріс ықпалдарға ұрынуының алдын алуға және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Бүгінде Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 204 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестер құрамында 1223 мүше бар. 2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 186 түрлі іс-шара өткізіліп, оған 23 674 адам қатысқан. Оның ішінде «Салауатты сана» жобасы аясында 104, ал «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіштер қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Лудоманияның, интернет-алаяқтықтың және өзге де әлеуметтік қауіптердің алдын алу тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің ғана міндеті емес. Бұл – отбасы, білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен күш-жігерін талап ететін кешенді мәселе. Осы тұрғыдан алғанда Аналар кеңесінің қызметі жастар арасында жауапкершілікті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қоғамдық тетік ретінде өз тиімділігін көрсетіп келеді.

Отырыс қорытындысында отбасы институтын нығайту, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, лудоманияның алдын алу және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтылып, бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР