2024-04-19 19:42:17
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Әрбір тұрғын сапалы интернетке қол жеткізеді

Әрбір тұрғын сапалы интернетке қол жеткізеді

Шымкент қаласында халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. 2025 жылға қарай үшінші мегаполисті 100 пайыз мобильді және талшықты-оптикалық интернет желісімен қамту көзделіп отыр.

Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Абдрахановтың айтуынша, интернет сапасын арттыру мақсатында жергілікті әкімдік Маңғыстау облысынан екі ірі инвестор тартқан. Бүгінгі таңда шаһарда интернет байланысын жақсартумен «Қазақтелеком» АҚ-дан бөлек жеке инвесторлық компаниялар да айналысып жатыр.

Өткен жылы Шымкенттің 10 елді мекені сапалы интернетке қосылып, 14 базалық станция орнатылды. 2022 жылы 15 елді мекен сапалы интернет желісімен қамтылады. Қазіргі таңда қаланың 60 пайызы талшықты-оптикалық, 91 пайызы мобильді интернетке жалғанған. Базалық станция орнатылмаған 22 елді мекен ғана қалды.

Талшықты-оптикалық кабель тарту ісімен айналысушы инвестордың бірі — «SAS Telecom» ЖШС. Компания өкілі Нұрсәбит Сапарбековтің айтуынша, былтыр Сәуле шағынауданын сапалы интернетке қосуға 50 млн. теңге қаржы жұмсаған. Забадам елді мекеніне интернет желісін тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Кейінгі кезекте Қазығұрт, Құрсай, Бадам-1 және Қарабастау елді мекендері сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.

Мәселен, Сәуле шағынауданында 300 абонент болса, соның 40 пайызы интернетке қосылған. Ал, Забадам елді мекенінде интернет байланысының желісі тартылды. Оған 30 млн. теңге қаржы жұмсалды. 20 шақырым талшықты-оптикалық желі де жүргізіліп қойды. Мамандар кабельді интернет отбасы үшін өте тиімді әрі арзан екенін айтады. Соның арқасында Wi-Fi құрылғысымен отбасының барлық мүшесі интернетке еш кедергісіз қосыла алады. Бүгінгі таңда интернет байланысының орташа құны кемі 2,5 мың теңге төңірегінде. Отбасы мүшелерінің әрқайсысы жеке-жеке қосылса, құны 10 мың теңгеден асып кетеді. Ал үйдегі кабельді интернетке бар-жоғы 6-ақ мың теңге төлейді. Сондықтан талшықты-оптикалық интернет байланысы отбасылық бюджет үшін өте тиімді таңдау.

Жалпы, Президент тапсырмасына орай тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету, цифрландыру бағдарламасын сәтті жүзеге асыру жұмыстары үшінші мегаполисте жалғасын таба бермек.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР