2024-03-29 00:44:23
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Зиялы қауымға сенім артты

Зиялы қауымға сенім артты
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев күні кеше Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Әрбір Жолдауда қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін маңызды қадамдар жасалып отырады. Бұл жолы жас буын мен аға буынның арасындағы байланысты нығайтып, оларға тәлім-тәрбие беруде зиялы қауым өкілдеріне үлкен сенім артты.
«Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек», — деді Мемлекет басшысы.
Иә, тәрбие – тал бесіктен. Буыны қатаймаған жас ұрпақ мектепте ғылым мен техниканы меңгеріп, ілім алуы мүмкін. Алайда, тәрбие отбасынан басталатыны анық. Тәрбиенің тамызығын ата-әжесі, яки ата-анасы баланың бойына сіңіре алған тұста ғана тәрбие мен білім ұштасып, ертең ел игілігіне жарауы мүмкін. Бұл тұста ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген тәмсілі еріксіз ойға оралады.
Сондай-ақ, Жолдауда «Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр» деп бүгінде тұрмыста да, жұмыста да қолданылып жүрген толассыз ақпарат тасқынынан келетін зауалды да тілге тиек етті. Яғни, жастарды ғаламтордағы ақпараттың ішінен дұрысы мен бұрысын ажырата алатындай жағдайға жетелеуіміз қажет. Жалған ақпараттың ығында кетпей, өзі пайымдап, шешім қабылдай алатын дәрежедегі тәрбиесі мен білімі толысқан буынның қалыптасуына ықпал ету – біздің парызымыз.
Бұл тапсырма – біздің отбасы институтын одан әрі нығайтуға, сол арқылы ел ішіндегі ынтымақты, бірлікті тәрбие жолымен сақтауға бағытталған үлкен қадам.
Бүгінде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебі» құрылды. Бұл мектеп арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді, олардың қоғамдық ортада өзін ұстау әдебін қалыптастыруды, сондай-ақ, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді бойына сіңіріп өсірсек деген ниеттеміз. Осы мақсатта қалалық білім басқармасымен байланыс жасап, ер азаматтардың тәрбиесін мектеп жасынан қолға алмақпыз.
Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ,
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР