2024-04-20 10:20:34
16.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Жаңа ангиографиялық кабинет ашылды

Жаңа ангиографиялық кабинет ашылды

Шымкент қаласында медицина әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Соның бір айғағы бұрын тек республикалық орталықтарда жасалатын күрделі оталар енді еліміздің үшінші мегаполисінде де қолға алына бастады.  Медицина саласында айтуға тұрарлық соңғы жағымды жаңалықтың бірі қалалық  №1 клиникалық ауруханасында заманауи ангиографиялық  ота жасау бөлмесінің ашылуы.  Осынау жаңа қондырғы арқылы дәрігерлер сапалы диагностикалық тексерулер жүргізе алады. Және сонымен бірге, күрделі оталар жасау мүмкіндігі де арта түспек.

Айта кету керек, аталған заманауи диагностикалық кабинеттің ашылу салтанатына Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақовтың өзі келіп қатысты.

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкент қаласында соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд. теңге қаражат бөлінген. Ал қажетті құрал-жабдықтармен қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жеткен. Бұған дейін аталған ангиографиялық аппарат қалалық №2 ауруханаға, қалалық клиникалық балалар ауруханасына және онкологиялық орталыққа орнатылған еді. Осылайша мегаполисте халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін біршама арта түсті. Осындай заманауи аппараттардың көмегімен медицина қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Енді жаңа аппараттың арқасында қалалық №1клиникалық ауруханада  бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсульт алған науқастарға жоғары  технологиялық операциялар жасалатын болады. Өз кезегінде жаңа ангиографиялық қондырғы осы аппараттың соңғы үлгісі болып саналады, ал бағасына келсек, оның құны 1 млрд.теңгеге жуықтайды. Бұл медициналық құралдың бір ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық және интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография жасауға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Сонымен қатар, аталған клиникада еліміздің республикалық медициналық орталықтары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізу жоспарда бар. Тек қаланың ғана емес, мегаполиске жақын ауыл-аймақтың науқастарына да медициналық көмек көрсетудің мүмкіндігі туып отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР