Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру барысын пысықтау мақсатында жиын өтті.
Кездесу барысында қала әкімі басқосудың маңыздылығына тоқталды.
– «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасына сәйкес іске асуда. Бүгінде аталған жоба аясында 12 мектеп салынып жатыр. Құрылыс сапалы әрі белгіленген мерзімінде аяқталуы шарт. Егер жұмыстарыңызға кедергілер болса, айтыңыздар. Бүгін осылай мәселелерді ашық талқылау үшін жиналып отырмыз, – деді Ғ. Сыздықбеков.
Жиында жобаның іске асыру жөніндегі үйлестіруші-дирекциясы «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мәулен Зарлықұлы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, мәселелерді жеткізді.
Қазіргі таңда мегаполисте құрылысы жүріп жатқан 12 мектептің төртеуі 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Ал қалғанын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы, 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу көзделген. Нәтижесінде, жаңадан ашылған шағын аудандардың мектеп мәселесі толық шешіледі. Ал 2500-ден аса педагог жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, аталған мәжіліске қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі