2024-03-28 14:34:31
7.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Туризм саласының өкілі республикалық байқауға жолдама алды

Туризм саласының өкілі республикалық байқауға жолдама алды
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы 2021 жылдың 20 мамыр күні қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметкерлер арасында «Тіл шебері» қалалық байқауын өткізді.
Төрт кезеңнен тұратын сайыста қалалық әкімдік атынан қатысқан Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының қызметкері Бегалы Құрбанәліұлы Мұсәлі бас жүлдені иеленді.
Бегалы Құрбанәліұлы – Шымкент қаласының тумасы. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алған. Талапты жас ең әуелі туған елден жырақта жүріп тәжірбие жинақтауды жөн көрген. Алғашқы жұмыс орнын ҚР Малайзиядағы елшілігінде бастаған жерлесіміз жас та болса, өз білімінен көпке үлгі болып келеді.
Малайзияда Asia Pacific University білім ордасында «Жаһандық маркетинг басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алып шыққан. Талапты жас білім алумен қатар тәжірбие жинақтау мақсатында ҚР Малайзиядағы елшілігінде тағылымдамадан өтеді.
Сондай-ақ EXPO-2017 халықаралық көрмесінде Малайзия павильонының координатор-аудармашысы болып жұмыс істеген. ҚР Малайзиядағы елшілігінде қос өкілдік тарапынан іске асырылған жобалар мен маңызды кездесулерде өз біліктілігімен дараланып, халықаралық аренада Қазақстанның беделін өсіруде өзіндік үлесін қосты.
– Туған елден жырақта жүрген сәтерде ұлттық құндылықтарымыз, ана тіліміз бен салт-дәстүрімізге ерекше құрметің артады. Елге оралудағы негізгі себеп – сағыныш және бай тарихымыз. Өзім жүрген ортада үнемі ұлттық болмысымызды айшықтайтын құндылықтарды дәріптеуге тырысам. Осы ұстанымым «Тіл шебері» байқауымен ұштасты. Барлық кезеңдерден сәтті өтіп, жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым – республикалық кезеңде топ жару, – дейді Бегалы Мұсәлі.
Ағымдағы жылы туған елге қызмет етуге оралған Бегалы Мұсәлі қазіргі таңда Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының қызметкері. Үш тілді жоғарғы дәрежеде меңгерген білікті маман.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР