2024-03-29 16:31:18
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түнгі уақытта қала көшелері жарқырай түседі

Түнгі уақытта қала көшелері жарқырай түседі

Республиканың үшінші мегаполисінде көшелерге жарықшамдар орнату жұмыстары қарқынды түрде қолға алынуда. Қала әкімдігі бекіткен жобаға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында 2023 жылға дейін 312 көшені жарықтандыру ісі жоспарда тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке үлкен қалаларда тұратын тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы аталған тапсырманы іске асыру мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеп шықты. Бұл жобаның аясында 2021 жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Солардың арасында шалғай елді мекендер мен шағынаудандардағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы, Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелер бар.

Мұнан бөлек 2021 жылы 30 көшедегі ескі жарықшамдар, заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тас жолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төлеби секілді орталық көшелерді атауға болады.

Жарықтандыру жұмыстары 2022 жылы да жалғасын табады. Нақтырақ айтқанда, биыл 102 көше жарықтандырылады деп жоспарланып отыр.

Жалпы, өткен 2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құраған еді. Биыл атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жарықтандырылған көшелердің саны 458-ге жетіп, қамту көрсеткіші 61,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы тағы 106 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 70 пайызды құрайтын болады.

Айта кету керек, қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылып жатыр. Диспетчерлік орталықта қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін жаңа жүйеге тағы да 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР