2024-03-29 18:43:50
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«ШЫН НИЕТПЕН» қайырымдылық акциясы өтті

«ШЫН НИЕТПЕН» қайырымдылық акциясы өтті

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясында «Шын ниетпен» қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шараның мақсаты — аудан аумағындағы ерекше күтімді қажет ететін  балаларға қолдау көрсету, мерекелік көңіл күй сыйлау.

Аудан әкімі Р. Мүлкеманов қайырымдылық акциясының аясында, аудан орталығында орналасқан «Асыл-ай» мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестігі орталығына барып, бүлдіршіндерді құттықтап, сый-сыяпаттарын табыстады.

— Бүгінгі акцияның мақсаты — ерекше балаларға өз қамқорлығымызды көретіп, олардың өмірге деген құштарлығын ояту. Жалпы ауданда 2000-ға жуық әр түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бүгін мыңға жуық балаға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өз сыйлығымызды табыстаймыз. Сондай-ақ балаларды қорғау күнінде 150 мүмкіндігі шектеулі балаға арнайы мерекелік дастархан жайып, ойын-сауықтық бағдарлама ұйымдастырған болатынбыз. Ал, 500 әлеуметтік жағдайы аз қамтылған балаларға аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен сыйлықтар таратылды,- деді Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Жанысбекұлы.

Орталықта 30-ға жуық балаға әлеуметтік, психологиялық қызмет көрсетіледі. Бүгінгі болған іс-шараға аудандық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастары, «Ізгілікке жарысайық» қоғамдық бірлестігі және «Мейірім» қайырымдылық қоры да атсалысып, өз көмегін көрсетті.

— «Асыл-ай» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалу орталығы 2019 жылы ашылды. Осы уақытқа дейін көптеген жүйке ауруына шалдыққан балалар емделіп, оң нәтижесін беріп, бізді қуантып жатыр. Қазіргі таңда орталығымызда 8 тәрбиеші және олардың көмекшісі, массаж, логопед, психолог мамандары жұмыс істейді, — деді «Асыл-ай» оңалу орталығының басшысы Күнсұлу Зейілбекқызы.

«Шымкент келбеті»  — Айдана МҰХТАРОВА,
фото Серік Қосаев

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР