2024-04-23 18:30:14
24.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМСАЯ ШАТҚАЛЫНА 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ тал-дарақтар егілді

Үшінші мегаполисте «Ағаш отырғызу – сауапты іс» атты тал егу акциясы өтті. Шымсая шатқалында өткен сенбілікке қалалық әкімдіктің басқармаларына, оларға қарасты мекемелер мен «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық өкілдігі мүшелері, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының өкілдері мен волонтерлар, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына енгізілген этнос жастары – жалпы 300-ге жуық адам қатысты.

– Президенттің бастамасымен 2025 жылға дейін Шымкент қаласында жыл сайын 120 мың түп ағаш егілуі қажет. Әрі Шымсая шатқалын жандандыру да басты назарда тұр. Осы шатқалдағы 11 гектар жер «Жасыл белдеу» мекемесіне тиесілі. Жалпы биыл күзде осында 8 378 көшет егу жоспарланған. Бүгінгі сенбілік те соның аясында өткізілуде. Осы акция аясында 4 мыңға жуық терек отырғызылды. Көшеттің барлығы «Жасыл белдеу» мекемесінің тұқымбағынан жеткізілген, – дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Сейтжанов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылға елдегі орман қорында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін егу ісі қолға алынған.

Жоспар бойынша үшінші мегаполисте 5 қарашадан бастап жаппай ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, нәтижесінде қала аумағына жалпы 160 696 ағаш көшетін егу жоспарланған. Оның ішінде Дендросаябақ аумағына – 5000 көшет, аудан әкімдіктері тарапынан көше бойларына – 35 696 көшет, «Жасыл белдеу» мекемесінің жеріне 120 000 көшет егілмек.

Өз кезегінде өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. «Жасыл Қазақстан» сол жобалардың бірі саналады. Аты айтып тұрғандай бұл жобаның мақсаты өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту, халық тұратын аймақтың табиғатын сақтау. Сонымен бірге осының аясында республика көлемінде 8 мыңнан астам қоқыс қалдықтарын сұрыптап жинауға арналған контейнерлер орнату көзделуде. Бұл ретте Шымкент қаласында 4 аудан бойынша 128 контейнер мен 884 экобокс қою жоспарда бар.

Республикадағы үшінші мегаполисті жасыл желекке айналдыру бағытында бүгінге дейін біршама іс атқарылды. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдік тарапынан алдағы уақытта да өзінің жалғасын таба бермек.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР