Шымкент қаласында ауа райының күрт жылынып кетуіне байланысты суға шомылу маусымы өзге өңірлерге қарағанда ерте басталады. Ресми түрде шомылу маусымы ашық деп жарияланбасада бүгінде балалар суға шомылуды бастап кеткен. Осыған орай, төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу маусымына дайындық және қауіпсіздік шаралары жөнінде айтып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Қауіпсіздік адам өміріндегі ең маңызды фактордың бірі болып табылады. Осы орайда, аталмыш департамент өз құзыры аясында өңірдің су айдындарында ересектер мен балалар өліміне жол бермеу шараларын қамтамасыз етеді. Шымкент қаласының аумағында қазіргі таңда суға шомылуға рұқсат етілген 5 демалыс аймағы бар. Олар Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник» демалыс орны, Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам» демалыс орны, Қошқар ата өзенінің бастауы, Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағындағы көл мен «Жайлаукөл» (Тұлпар). Аталған демалыс аймақтарының иелері демалушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты болады.
Төтенше жағдайлар департаментімен қазіргі кезде судағы қауіпсіздік іс-шараларына байланысты жергілікті органдармен бірігіп жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, қала көлемінде Департамент қызметкерлерімен «Қауіпсіз жаз» акциясы аясында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақалалар жарияланып, сұхбаттар ұйымдастырылып, халықпен әңгімелесу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Департаменттің құрылымдық бөлімшелері аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерімен бірлесіп шомылу маусымы аясында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізетін болады.
Білім басқармасымен бірлесіп, «Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы мектептер мен балабақшалардың «Ата-аналар» топтарына жаднамалар мен бейнероликтер орналастыру жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда.