
Шымкентте №1 қалалық клиникалық ауруханасы жанынан жүз орынға арналған инфекциялық стационар ашылды. Аталған медициналық нысанның науқастарды қабылдау процесімен қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы барып танысты.
Коронавирустық инфекция жұқтырған науқастар санының өсуіне байланысты жасақталған бұл стационар жүкті әйелдерге арналған. Резервтік стационарда реанимациялық төсек орындар мен науқастарды емдеу үшін барлық қажетті медициналық жабдықтармен қамтылған. Мұнда дәрігерлер ковид ауруының орташа және ауыр ағымы бар науқастарды емдейді.
Әкім орынбасары індетпен күресте жалғыз тиімді әдіс – вакцинация екенін айтып, жақындарымыз бен айналамыздағы адамдардың денсаулығына жанашыр болуға шақырды.
Айта кетейік, қазір қалада инфекциялық ауруға шалдыққан мың үш жүз қырық алты азамат стационарда ем қабылдауда. Төсек-орын толымдылығы алпыс бір пайызды құрайды. Өткен тәулікте төрт жүз жиырма бір науқастан коронавирус анықталған.