2026-06-04 17:41:14
29.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы «Шымсити» шағынауданында орналасқан «Ту тұғыры»
алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі мен мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі, қалалық мәслихат төрағасы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Жиналған қауымға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының қалыптасу тарихы мен маңызы туралы ақпарат беріліп, ұлттық рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігін айқындайтын басты құндылық екені атап өтілді.

Мерекелік жиында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен қала жастары мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, сап түзеді. Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, патриоттық әндер шырқалды. Жастар «Көк тудың желбірегені» әнін орындап, туған елге деген сүйіспеншіліктерін білдірді.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев Мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі ерекше орнына тоқталып, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

– Мемлекеттік рәміздер күні – елдік пен тәуелсіздіктің символдарын ұлықтайтын ерекше мереке. Ту, Елтаңба және Әнұран – кез келген мемлекеттің басты нышандары. Қай жерде жүрсек те көк Туымызды көргенде жүрегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Бүгінгі жастар мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін терең түсінеді. Бұл – ел болашағының жарқын екенінің белгісі. Барша отандастарымызды мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанның көк Туы әрдайым биікте желбірей берсін, – деді ардагер.

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шара жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдік сананы нығайтуға бағытталды. Осы күні еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте Мемлекеттік Әнұран шырқалып, Мемлекеттік Ту көтерілді.

Мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің айқын белгісі. Олардың мәні мен маңызын құрметтеу әрбір азаматтың қасиетті борышы. Көк байрағымыздың асқақ желбіреуі – ел бірлігінің, еркіндіктің және Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР