Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Shymkent city шағын ауданының тұрғындары инфрақұрылым мәселелерін айтып, наразылықтарын білдірген болатын.
Осыған байланысты, бүгін аталған шағын ауданның тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында ауыз су, қоғамдық көлік, құрылыс сапасы және қоқыс мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды.
Кездесуге Қаратау ауданының әкімі Абзал Аликулов, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаев пен Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Сабитұлы қатысты.
Shymkent city шағын ауданында ауыз су бойынша орын алған келеңсіз жағдай бойынша Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
«Shymkent city шағын ауданында 2018 жылы құрылыс басқармасы тарапынан ауыз су желісі салынған болатын. Осы құбырды қолданысқа қосу үшін шуып-шаю жұмыстары «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК тарапынан атқарылған. Шым сити шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер қазіргі ауыз суды тұтынып отырған құбырдан ажыратылып, жаңа су құбырына қолысуы тиіс еді. Жауапты мекеме тарапынан 3 күн құбырлар жуып-тазаланып, зерделеу барысында су тазарды деп анықталған. Сондықтан, Шымкент сити шағын ауданы жаңа ауыз су құбырына қосылды. Бірақ, судың сапасы төмендеп, лай су ақты. Ал, қазіргі уақытта Шымкент сити шағын ауданы қайта өзінің ауыз су жүйесіне қосылды. Алдағы уақытта, жаңа су құбыры қайтадан тазаланып, судың сараптамасы алынған соң жаңа ауыз су жүйесіне қосылатын болады», — деді Б.Булатбеков.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан айтылған барлық арыз-шағымдар назарға алынып, орын алған мәселелерді анықтау және оны тез арада шешу үшін арнайы комиссия құрылды.