2024-03-29 19:53:35
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Мерекеде «ҚАЛАҒА ХАТ» тақтайшасы орнатылды

Мерекеде «ҚАЛАҒА ХАТ» тақтайшасы орнатылды

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Кең баба» этно-саябағында қала күніне орай «Туған өлкем – қандай көркем» іс-шарасы өтті. Бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге кітап оқуды дәріптеп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған жиынға Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ақын Д.Танабаев, жазушы С.Олжабай және ақын Д.Айманбет қатысты.

–Мұндай іс-шара балалар үшін өте қажет дүние. Бүгінгі смартфон мен гаджеттер әлемді жаулаған қоғамда балаларды кітап оқуға баулу ата-ананың, жалпы мемлекеттің құзырындағы басты міндетке айналуы тиіс. Сондықтан осындай іс-шаралар көптеп ұйымдыстырылуы керек-ақ, — деді жазушы С.Олжабай.

— ЕЛІМІЗДЕГІ ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БОЙЛАҒАН КӨНЕ ШАҺАР ШЫМКЕНТ ПЕН БҮГІНГІ ЖАС МЕГАПОЛИСТІ БҮЛДІРШІНДЕРГЕ КЕҢІНЕН ТАНЫСТЫРЫП, ОЛАРДЫҢ ТУҒАН ӨЛКЕ ТУРАЛЫ ДҮНИЕТАНЫМЫН КЕҢЕЙТУ МАҚСАТЫНДА БҮГІНГІ ШАРАНЫ ҚОЛҒА АЛЫП ОТЫРМЫЗ.  ІС-ШАРА БАРЫСЫНДА КӨРЕРМЕНДЕР ҮШІН «ҚАЛАҒА ХАТ» ТАҚТАЙШАСЫН ОРНАТТЫҚ. КЕЛУШІЛЕР ОНДА ӨЗДЕРІНІҢ ҚАЛАҒА ДЕГЕН ЫСТЫҚ ЛЕБІЗІН, ТІЛЕГІН ҚАЛДЫРЫП ЖАТЫР, — ДЕДІ  ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ГҮЛЖАН ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Салтанатты шара барысында қаламгерлер жиынға көрсем, білсем деп келген бүлдіршіндер мен олардың тәрбиешілеріне, атсалысып жүрген кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдіріп, рухани дүниесі бай әрбір өскелең ұрпақтың ел келешегі екенін атап өтті.

Іс-шарада «Нұрсәт» өнер мектебінің оқушылары және Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.  Сондай-ақ, бүлдіршіндер Шымкент қаласының тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, үздіктерге сый-сияпат жасады.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Шымкент қаласына республикалық дәреже беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Шаhар басшысы қала күнiн Жарлыққа сай 19 маусым күнi етiп белгiлеудi ұсынды. Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бiрауыздан қолдады. Содан бері 19 маусым Шымкентте Қала күні ретінде аталып өтіледі. Яғни бұл күн Шымкент қаласының мерейлі мерекесі.

Айдана МҰХТАРОВА,
Фото Серік Қосаев

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР