2024-04-19 12:05:05
23.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Достық игіліктің мекеніне айналуда

Достық игіліктің мекеніне айналуда

Достық шағын ауданының халқы енді газдан тапшылық көрмейді. Бұл бойынша атқарылған жұмыстардың барысын көзбен көруге барған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен жүздесіп, «2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылуын күттік. Енді міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер, -деді.

Жалпы Достық шағын ауданында 2 686 үй болса, тұрғын саны – 15 750 адам. 2 625 нақты абонемент бар. Өз кезегінде мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС-і аталған жобаны 957,838 млн. теңгеге атқарып, жұмысты мерзімінде аяқтады.

Қаладағы Нұртас елді мекені — электр қуаты сапасыз 8 елді мекеннің қатарында. Бұл мәселені шешу мақсатында Нұртас елді мекеніне электр қуатын тарту құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін құрылыс жұмыстарының жартысы орындалды.

Құрылыс барысында 600-ден астам электр бағанасы орнатылып, 8 шақырымға электр желілері тартылды. Жоспар бойынша, құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылатын болады. Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, Нұртас елді мекенінде ішкі орамдық газ құбыры тартылуда. Бүгінге дейін бұл жұмыстар аяқталуға жақын қалды. 15,7 шақырымнан астам газ құбыры төселді. Жалпы, газ құбыры желісін тарту ісі толығымен жыл соңына қарай бітіп, пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек биылғы жылы Нұртастағы Тасанбаев бен Хан тәңірі көшелері жарықтандырылады.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбековтің қала әкіміне 6 айдағы индикаторлардың орындалуы бойынша берген есебінде Шымкентті электр қуатымен қамту көрсеткішін биыл 98 пайызға жеткізу жоспарға қойылғаны айтылған. Бұл мақсатқа орай 5 елді мекен – Жаңаталап, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле шағын аудандарында және Бозарықта 1 қосалқы станция, «Ақжар» 110 кВ қосалқы станцияларының құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі. Соның арқасында шалғай елді мекен тұрғындары газдан тапшылық көрмейтін болады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР