2024-04-25 19:52:56
21.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Баспаналы жастар қатары артуда

Баспаналы жастар қатары артуда

Шаһарда 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз етуді көздейтін бағдарламаға сәйкес тұрғын үйге өтінімдерді қабылдау  биыл 6-7 қазан күндері аралығында жүргізілді. Жастар бағдарламасы бойынша қатысушыларға қойылатын басты талап жасы 29-ға толмаған және тұрықты жұмысы болуы тиіс.

Сондай-ақ өтінім берушінің атында соңғы 2 жылда Қазақстан Республикасы аумағында  тұрғын үй тіркелмеуі, Шымкент қаласында соңғы 2 жылда тұрақты тіркеуде болуы сонымен қатар,  ай сайынғы табысы 40 АЕК-тен (122 520 теңгеден)  асуы шарт. Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында электронды цифрлық қолтаңба, қысқаша ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Аталған бағдарлама бойынша жыл соңына дейін жалпы саны 857 жасты пәтермен қамту көзделіп отыр. Оның ішінде Тұран шағын ауданынан 211, 189 орам мен Шымситиден 286, Бозарық шағын ауданынан 360 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Жалпы бұл бағдарлама бойынша 2020 жылы – 904, 2021 жылы – 300 азамат пәтермен қамтылды.

Өткен жылы тұрғын үй кезегіндегі  халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында  «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 365 отбасы несиелік баспанаға қол жеткізді. 2021 жылдан 2022 жылға өтпелі болған «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 1484 отбасы несие негізінде баспаналы болды. Ал биыл «5-20-25»  кредиттік тұрғын үй бағытымен 624 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар. Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен Отбасы банк арқылы жүргізіліп қазіргі таңда 243 азамат несиелік тұрғын үй алып үлгерді.

Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдау 2022 жылдың 13 шілдесінен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызмет ретінде www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы автоматтандырылған. Биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралды.  Бүгінгі күні тұрғын үй сертификатын алуға 124 өтінім түссе, оның 45-і мақұлданып, аталған құжат 32,9 млн.теңгеге қайтарымсыз негізде баспанаға мұқтаж азаматтарға берілді.

Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарастырылған. Соның ішінде «2-10-20», «5-10-20»  бағыттары шеңберінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР