Бакуде бүгінде “Шымкент қаласының күндері” өтуде. Оны Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастырса, Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшілігі қолдады.
Биыл Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Айтулы датаға орай Әзірбайжан елінің астанасы Баку қаласында «Welcome to Kazakhstan» атты еліміздің өңірлерінің қатысуымен туристік-мәдени күндер өтуде.
Осы мақсатта бір аптаға жоспарланған “Шымкент қаласының күндері” аясында Оңтүстік өңірдің қонақжайлылығын, гастрономиялық тағамдарын, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен таныту жоспарланған. Шымкент делегациясының құрамында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар бар.
Ерлан Қыдыров екі елдің тарихи-мәдени құндылықтарының ұқсастықтарын сөз етіп, өткен айда ұйымдастырылған Туристік ақпараттық орталықтардың I слетінде Әзірбайжан елі оң көзқарас танытып, белсенді қатысқанын айтып өтті.
Жалпы, келушілер тек қаланың туристік әлеуетін танып қана қоймай, “Сандық” ресторанының ұлттық тағамдарын, Майра Мұхамедқызының опералық әндерін және Бағжан Октябрьдің виолончельмен тартқан әуендерін тыңдап, “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығы ұсынған VR-көзілдірік арқылы виртуалды Шымкентке көз жүгіртті.
Іс-шара мақсаты — қаланың ерекше тұстарын көрсету арқылы Әзірбайжан тұрғындарын Шымкент қаласының туризмін дамытуға шақырып, жалпы туристер легін арттыру.
Өз кезегінде алдағы уақытта халықаралық туризм күніне орай әзірбайжандық әріптестерді де Шымкенттің төріне қонақ болуға қалалық әкімдік шақырып отыр. Олар келіп шаһардың көрікті мәдени тарихи нысандарымен танысса, кейін өздері де отандастарын Шымкентке келуге үгіттеп, туризмнің дамуына өзіндік үлестерін қосқан болар еді. Айта кету керек туризм ол біріншіден елдің соның ішінде мегаполистің табыс көзі. Сол арқылы туризм саласында жұмыс істеп кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар қосымша табыс тауып, отбасын асырайды. Әрі салық есебінен бюджеттік түсімдер көлемі артып, есесіне әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы көлемі де ұлғаятын болады.