
Шымкент қаласында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Омартаев Бауыржан Нұрланұлы 2026 жылдан бастап енгізілген салық саласындағы қосымша өзгерістерге де тоқталды.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес сән-салтанат салығы енгізілді. Бұл салық түріне құны 18 000 АЕК және одан жоғары автокөліктер, 24 000 АЕК-тен асатын яхталар мен ұшақтар, сондай-ақ жоғары құнды алкоголь және темекі өнімдері жатады. Аталған санаттағы мүлікке сатып алу құнының 10 пайызы мөлшерінде акциз салынады.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік бойынша да өзгерістер қарастырылған. Егер бір тұлғаның меншігіндегі барлық мүлік объектілерінің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асса, онда салық мөлшері 2% көлемінде есептеледі. Бұл ретте мүлік құнын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайды. Қажет болған жағдайда жергілікті өкілді органдар сән-салтанат коэффициентін 50%-ға дейін арттыра алады.
Салық төлемдері жүйесінде де бірқатар оңтайландырулар жүргізілді. Атап айтқанда, жекелеген қызмет түрлеріне лицензияларды пайдаланғаны үшін төлем алынып тасталды. Сонымен қатар, табиғи ресурстарды пайдалануға қатысты бірнеше төлем түрі біріктірілді.
Мемлекеттік баж және алымдар бойынша да өзгерістер енгізілді. Зияткерлік меншік саласындағы кейбір баж түрлері, халықаралық тасымалдарға және арнайы рұқсат құжаттарына қатысты алымдар алынып тасталды. Бұдан бөлек, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, ғарыш объектілерін, бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеуге байланысты бірқатар алымдар жойылды.
Жалпы, жаңа Салық кодексі аясында енгізілген өзгерістер салық жүйесін оңтайландыруға, артық әкімшілік жүктемені азайтуға және бизнес пен азаматтар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
