2022-09-27 20:35:51
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Бар қолдау жас мамандарға бағытталады

Шымкент қаласында «Техникалық мамандар кадрлық резерві» жобасы іске асырылып жатыр.

Жобаның мақсаты — жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде белгілі бір кәсіптік-техникалық білімі бар жастарды жаңа технологияларды игеруге, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, келешекте солардың орнын басуға, сондай-ақ орта және ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова алдағы уақытта екі мыңнан астам жас техникалық мамандықтар бойынша шетелдік тәлімгерлерден тәжірибеден өтіп, заманауи озық технологиямен жабдықталған өндіріс орындарында тұрақты жұмысқа орналасатынын жеткізді.

Оның айтуынша, жобаға орта білім беру мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының техникалық мамандықтар бойынша бітіруші түлектері және NEET  санатындағы жастарды тарту көзделуде. Жоба шеңберінде  жастарға ақпараттық-насихаттау жұмыстары, бітіруші түлектерге қаламыздың ірі кәсіпорындарында үздік мамандардан мастер кластар, сондай-ақ озық техникалық құралдарды меңгерген шет ел мамандарымен бірге іс-тәжірибеден өту және оларды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Шымкент қаласында 240 мың жас бар. Ол халықтың 21 пайызын құрайды. Соның ішінде студенттер саны — 120 мың адам. 2021 жылы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен 4 ауданда жастар ресурстық орталықтары ашылды. Онда келушілерге мемлекеттік бағдарламалардың мақсаты түсіндіріледі, бос жұмыс орындары жайлы мәлімет беріледі. Сонымен бірге ресурстық орталықтарда коворкинг қызметі жұмыс істейді. Сол арқылы жастар түрлі үйірмелерге қатыса алады. Сондықтан бүгінгі жастардың коворкинг орталықтарына келіп, уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндіктері мол.

Ресурстық орталықтағы жастар қаладағы түрлі іс-шараларға белсене қатысып, өздері де әртүрлі тақырып бойынша іс-шаралар ұйымдастырып жүр.

Бұдан бөлек үшінші мегаполисте өскелең ұрпақтың денсаулығын жасқарту, жаман әдеттерге бой алдырмау мақсатында спорттың төрт түрінен, атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол және шахматтан жастар лигасы ұйымдастырылып келеді. 2021 жылы қала бойынша 15 мың жас тұрақты жұмыспен қамтылса, биыл 18 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспарда бар.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР