2022-11-30 09:41:50
4.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

60 мың сөзді қамтитын ағылшынша-қазақша Оксфорд сөздігі жарыққа шығады

60 мың сөзді қамтитын OXFORD QAZAQ DICTIONARY сөздігі жарыққа шығады, деп хабарлайды «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжехан Фейсбуктегі парақшасында.

«60 мың сөз қамтыған, жалпы көлемі 1300 беттік қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша ОКСФОРД сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан Президенті Қ.К.ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен «Ұлттық аударма бюросы» дайындады.

Әлемге танымал Oxford University Press баспасы екі тілді OXFORD QAZAQ DICTIONARY сөздігін басып шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал OXFORD ENGLISH DICTIONARY сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды» делінген хабарламада.

Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл үздіксіз жүріп, оған қазақ және ағылшын тілінің лексикасына маманданған 50-ден аса тәжірибелі тілші атсалысқан. Сөздікті жетілдіруге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қатысып, сөздік институт ғылыми кеңесінің сараптамасынан өткен.

«Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда салаларындағы жаңалықтар ескерілді. Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді.

Сонымен бірге, осы сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл бастаманың мақсаты – әлемнің ірі де, іргелі 100 тілінің лексикалық қорын өзара байланыстырып, ортақ ғаламдық тіл корпусын жасақтау», — деп жазады Рауан Кенжехан.

Айта кетейік, Президент Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сөздік кең көлемде басылып, еліміздің оқу орындары мен кітапханаларына таратылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР