2022-10-03 10:22:16
9.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Жазғы сурдлимпиадалық спорт түрлерінен III спартакиадасы басталды

Шымкентте жазғы Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша ҚР III Спартакиада ойындары басталды. Төрт жылда бір өтетін бәсеке 06-10 қыркүйек аралығына жоспарланған. Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Мақсұт Пернебайұлы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне қала әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалатынын атап өтті. С.Ерғалиев аталған спорт түрлеріне жеткілікті қолдау бар екенін айта келе, дене шынықтыру саласына үлес қосқан бірқатар азаматтарды арнайы төс белгімен марапаттады.

Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Спартакиадаға еліміздің барлық өңірінен, спорттың 11 түрінен 1000-ға жуық спортшы қатысады. Атап айтқанда, қол күресі, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, таэквондо, бадминтон, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, футзал және дойбыдан сайыстар өтеді.

Республикалық кешенді спорттық-бұқаралық іс-шараны өткізудегі мақсат – есту қабілеті төмен азаматтарды дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануға тарту, аталған спорт түрлерін кеңінен насихаттау.

Айта кетсек, Сурдлимпиадалық спорт түрлері Шымкент қаласында қарқынды дамып келеді. Биыл Бразилияның Кашиас-де-Сул қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен Сабыржан Рсалы күміс жүлдегер атанған болатын. Шымкент қаласынан биылғы Спартакиадада 100-ден астам спортшы бақ сынайды.

Жалпы спорттың дамуына мегаполисте бар жағдай қарастырылған. Мәселен, жан басына қаржыландыру бағдарламасы арқылы балалар мен жасөспірімдер өздері ұнатқан кез келген спорт түріне бүгінде тегін қатысуға мүмкіндік алды. Оған бір жағынан жаңадан салынып жатқан спорттық нысандар да көмегін беріп отыр. Қазіргі таңда шаһарда бірнеше ірі спортық ғимараттар бой көтеріп келеді. Бұл мегаполисте спорттың дамуы және оған деген көзқарастың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Ірі спорттық нысандар мәселен Металлург стадионын, жаңа ипподром кешенін атап өтуге болады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР