2022-09-27 19:18:56
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкентте ана өлімі 4 пайызға азайған

Жуырда Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия төрағасы, қала әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.

Алдымен өңірлік комиссияның 2022 жылға арналған жаңа редакциядағы жұмыс жоспары мен регламенті бекітілді. Комиссияның құрамы қайта қаралып, жаңа мүшелермен толықты. Сондай-ақ, бекітілген жоспарға сәйкес, «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары, «Бақытты жанұя» орталығының қызметі, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыруда Әл-Фараби ауданында атқарылған жұмыстар және тағы басқа бірқатар мәселелер талқыға түсті.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, жыл басынан бері қалада ана өлімі 4 пайызға азайған. Алайда нәресте өлімін азайту бойынша әлі де жұмысты жандандыру қажет. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығы республикада алғаш жұмысын бастаған мекеменің бірі. Орталық басшысы Абибулла Қалымбет мұнда 11 мыңнан астам аз қамтылған және көп балалы аналардың мұқтаждықтары тіркелгенін атап өтті. Оларға түрлі деңгейде қызметтер көрсетілуде. Соның ішінде психологиялық көмектерді атап өтуге болады. Отбасылық кикілжіңнен туындаған ерлі-зайыптылар арасындағы ұрысты осы орталықтағы білікті психолог мамандар шешіп беруге тырысады.

Қала әкімінің бірінші орынбасары әлеуметтік мәселелер бойынша, атап айтқанда, ана мен бала денсаулығын қорғау, өлімді азайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептеріне терең талдау жүргізу керектігін айтты. Жиын қорытындысы бойынша Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР