2024-04-26 14:20:30
21.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«ЭТНО ШЫМКЕНТ» ФЕСТИВАЛІНДЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДӘРІПТЕЛДІ

Шымкент қаласының «Shym Qala» этно-ауылында «Этно Шымкент» фестивалі өтуде. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін іс-шараны қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастырып отыр.

Көне қаланың әсеріне бөлейтін осынау игі бастамаға қаладағы 30-ға жуық қолөнер шебері қатысып жатыр. Келушілер шеберлердің туындыларын тамашалап қана қоймай, сатып алу мүмкіндігіне ие.

Қала тұрғындары мен қонақтары алдымен алаңды жүріп өткен «Ұлы Жібек жолы» керуенін тамашалап, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздардың ұлттық нақыштағы әндерін тыңдады.

— Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарға «Жібек жолы» бойындағы көне Шымкент қаласын, тұрмыс-тіршілігін көрсеткіміз келді. Бұл іс-шараны жыл сайын ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Біздің киіз басу, домбыра жасау, бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату дәстүрлерінен бастап, кешке дейін келушілерге көрсететін бағдарламамыз бар. Біз осындай іс-шара арқылы Шымкенттің танымалдылығын арттырып, әрі халыққа есте қаларлықтай әсер сыйлауды ниет етіп отырмыз, — деді қаланың туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.

Фествалде «Tary», «Jeti tandyr», «Bro Shashlyk» және «MaxPLOV» мейрамханалары келушілерге ұлттық және шығыс тағамдарын ұсынды.

Бүгінгі фестивалді тамашалауға келген голлондиялық Рензо Костер қазақтың әдеп- ғұрыптарының тәрбиелік мәні жоғары екенін айтып, қолөнер шеберлердің туындыларына тәнті болыпты.

—Отбасымызбен Қазақстанға келгенімізге 4 жыл болды. Қазақтың үлкенге құрмет, кішіге ізет ұстанымдары, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тойлары маған қатты ұнады. Осындай тәрбиелік мәні зор қағидалар мен қолөнер шеберлерінің бұйымдары қазақ ұлтының ежелден келе жатқан жоғары мәдениетінің айғағы, — дейді шетелдік мейман.

Айта кетерлігі, Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттайтын түрлі туристік маршруттар әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызмет етуде. Осы орындарға туристік автобустар жолға қойылған. Басқарманың мәліметінше, шаһарда әр мезгіл мен мерекелерге арналған іс-шаралар саны артады. Осы жылдың 9 айдың экспресс көрсеткіші бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам келген. Соның ішінде шетелден келушілер саны 25 мыңнан асады. Аталған жоспарлы іс-шараларды өткізу арқылы туристік ағынды арттырып, жыл соңына дейін келушілер қатарын 400 мыңға жеткізу жоспары қойылған.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР