
Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Тұран ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Омартаев Бауыржан Нұрланұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында 2026 жылдың басынан бастап енгізілген жергілікті салықтардағы өзгерістер туралы баяндады.
Жергілікті салықтарға мүлік, жер және көлік салығы жатады. Бұл түсімдер жергілікті бюджеттердің негізгі кіріс көздерінің бірі болып табылады және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. 2026 жылдан бастап аталған саладағы өзгерістер жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен жүзеге асырылды. Реформалардың басты мақсаты – салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, цифрландыру деңгейін арттыру және салық төлеушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру.
Мүлік салығы бойынша 2026 жылдан бастап жеке тұлғалар үшін төлем мерзімі бірыңғай 1 қазан болып белгіленді. Сонымен қатар, салықты есептеу процесі толық автоматтандырылды. Салық органдары жылжымайтын мүлік туралы деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алып, есептеуді автоматты түрде жүргізеді.
Көлік салығына қатысты есептеу тәртібі жаңартылып, қозғалтқыш көлемі негізгі критерий ретінде сақталды. Сонымен қатар, кейбір коэффициенттер қайта қаралып, есептеудің ашықтығы мен әділдігі арттырылды. Жеңіл автокөліктер үшін пайдалану мерзіміне байланысты түзету коэффициенттері енгізілді: 10 жылдан 20 жылға дейін – 0,7, ал 20 жылдан жоғары – 0,5. Бұдан бөлек, көлік салығы енді шығарылған немесе елге әкелінген уақытына қарамастан бірыңғай мөлшерлемелер бойынша есептеледі. Салық есептеу көлік құралына меншік құқығының нақты иелену мерзіміне қарай жүргізіледі. Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап көлік құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдер мен 701.00 нысаны жойылып, тек 700.00 декларациясы есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін ұсынылады.
Жалпы алғанда, енгізілген өзгерістер салық жүйесінің тиімділігін арттырып, әкімшілендіру процестерін оңтайландыруға бағытталған.
