2024-04-26 00:17:18
18.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Өндіріс саласында өсім жоғары

Өндіріс саласында өсім жоғары

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 2022 жылы Шымкентте 1500-ге жуық кәсіпкерге түрлі қаржылай көмектер көрсетіледі. Бұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету бойынша берген тапсырмасына сәйкес орындалуда.

Мәселен, 1 мыңнан астам кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы-2025» «Қарапайым заттар экономикасы» және «Жұмыспен қамту жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 8,7 млрд. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсету жоспарлануда.

Одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалардан тыс жергілікті деңгейдегі «Мен кәсіпкер боламын» және «Іскер қала» арнайы іс-шаралар жоспары шеңберінде 1 млрд. теңгеге 200-ге жуық бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Көмектер ішінде өндіріс алаңдарының жалдау ақысының бір  бөлігін өтеп беру арқылы қолдау көрсету тетіктері бар.

Түрлі деңгейдегі қолдаулардың арқасында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 30%-ға өсіру көзделіп отыр. 2022 жылдың 1 қаңтардағы мәлімет бойынша қаланың кәсіпкерлері 75,5 мың адамды құраса, 2025 жылға қарай  бұл санды 100 мың кәсіпкерлік субъектісіне жеткізу болжануда. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін жалпы өңірлік өнімде 45%-ға жеткізу жоспарда бар.

Ресми дерекке сүйенсек, қаладағы кәсіпорындармен 2022 жылдың 3 айында 211,5 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі, ал өңдеу өнеркәсібінде 176 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптің өсу қарқыны 119 пайызды, өңдеу өнеркәсібі 121,2 пайызды құрады.

Шымкент қаласының өнеркәсібінде 731 кәсіпорын белсенді жұмыс атқарса, соның ішінде ірі – 26 кәсіпорын, 42-і орта кәсіпорын бар.

Сонымен қатар І тоқсанда негізгі капиталға 75,2 млрд. теңгенің, ал өткен жылдың үш айында 38,7 млрд теңгенің инвестициясы тартылып, өсу қарқыны 194 пайызды құрады. Жалпы жыл соңына дейін барлық сала бойынша қалаға 538 млрд теңгенің инвестициясын тартылады деп күтілуде.

Биыл Шымкентте 24 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы хабарлауынша, «Оңтүстік» индустриялық аймағында бірнеше инвестициялық жобалар іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР