2024-04-26 15:49:29
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Агробизнеске бет бұрғандарға қолдау көп

Агробизнеске бет бұрғандарға қолдау көп

Мегапоисте жылыжай шаруашылығы бойынша екі нысан ашылды. Оның бірі «AgroPark» шаруа қожалығының иелігіне қарасты жылыжай болса, екіншісі «IGM Corporation» ЖШС-нің жылыжай кешені. Қос нысанның аумағы 9 гектарды құраса, оларды салуға қос компания қаржысын қосқанда 2,6 млрд теңге жұмсалған.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ауыл шаруашылығы бағытында іске қосылған «AgroPark» жылыжайын жоғары бағалады. Қаратау ауданы, Алматы тас жолында орналасқан «AgroPark» ШҚ жылыжайы 5,2 гектар аумақта орналасқан. Онда жылына 1500 тонна қызанақ пен қияр өндірілмек. Тартылған инвестиция көлемі — 1 300 млн теңгені құрайды. Кәсіпкерге 331,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілген. Аграрлық өнімдер жылына екі мәрте жиналады. Кешенде қажетті климаттық жағдай қарастырылған және топырақ құнарлылығын сақтау процесі автоматты түрде жүзеге асырылады. Осы кәсіп арқылы шаруа қожалығы 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылыжай қызметкерлері аграрлық технологияны жан-жақты меңгерген, тиісті дайындықтан өткен мамандар.

Жылыжай шаруашылығы жобасын қолға алған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия беріледі. Ол кешен құрылысына, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның 25 пайызын құрайды. Мегаполисте ауыл шаруашылығымен айналысуға ниеті бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.

Осы орайда шаһарда «Іскер қала» деп аталатын бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Ә.Жанбатыровтың айтуынша, бағдарлама шеңберінде шағын кәсіпкерлерге 1-2 пайызбен арзандатылған несие беріледі. Бұл қаражатқа  азаматтар өздерінің жеке кәсіптерін ашып, табыстарын арттыруға мүмкіндік алады. Сонымен бірге есігінің алдында үйіргелік жері бар тұрғындар да тамшылатып суару әдісімен шағын жылыжай салып, көкөніс және басқа да дақылдар өсіруге мүмкіндіктері бар. Жалпы «Іскер қала» әкімдік тарапынан қолға алынған жергілікті бағдарлама саналады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР