2024-04-26 15:04:01
21.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Шымкенттіктер Елорда күнін тойлады

Шымкенттіктер Елорда күнін тойлады

Ширек ғасырға жуық тойланып келе жатқан Елорда күнін шымкенттіктер «Арбат» демалыс аймағында салтанатты түрде атап өтті.

Мерекелік іс-шара Шымкент қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қаратау» қазақ халық аспаптар ансамблінің концерттік бағдарламасымен ашылды. Түркештің «Көңіл ашар», Құрманғазының «Балбырауын», Желдібайдың «Ерке сылқым» күйлері ұлттық аспаптардың күмбірлеген қоңыр үнімен шымкенттіктерді қазақтың дархан даласына жетелей түсті.

— ӨТКЕН ЖЫЛЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАСАҚ, ОДАН КЕЙІНГІ АЙТУЛЫ МЕРЕКЕ — ЕЛОРДАНЫҢ САРЫАРҚА ТӨРІНЕ КӨШІРІЛУІ. БҮГІНДЕ АСТАНАМЫЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ЖАС ҚАЛАСЫ РЕТІНДЕ ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛЫП ҮЛГЕРДІ. МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ШЫМКЕНТ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ ДӘСТҮРЛІ ӘН ШЫРҚАП, ҰЛТТЫҚ БИ, КҮЙІМІЗДІ ӘУЕЛЕТІП, СІЗДЕРГЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАЙДЫ, — ДЕДІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ САЙЛАУБЕК ЛЕСБАЕВ.

Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары «Үкілі қыз», «Бүлдірген», «Ақтамақ», «Ақ бұлақ» әндерін шырқап,  халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Қазына» би ансамблі «Алмалы бақ», «Достық» билеріне мың бұралып биледі.

Кеш барысында қала қонақтары мен тұрғындары арасында викториналық сұрақтар қойылып, ойын ойнатылды. Әр жеңімпаз арнайы сыйлық алып, кеш эстрада әншілеріне концертіне ұласты. Концерт шымкенттік жас композитор Берік Сексенбекұлының «Астана» әнімен қорытындыланды.

Елорда күні жыл сайын Шымкент қаласында ерекше сән-салтанатымен тойланады. Жалпы шымкенттіктер Қазақстан астанасының гүлденіп, өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосып келеді. Мәселен, қаншама іскер азаматтар елорда төрінен бизенс ашып, сол жерде кәсіптерін дамытып отыр. Құрылыс алаңында да көптеген шымкенттік азаматтар еңбек көрігін қыздыруда. Сондықтан ел астанасының өркендеуіне Шымкент тұрғындарының қосар үлесі өлшеусіз деуге болады.  Соның ішінде өнер қайраткерлері де елорданың мәдени тұрғыда қалыптасуына зор еңбек сіңіріп келеді.

«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА
Суретті түсірген Серік ҚОСАЕВ

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР