2024-04-26 09:32:44
19.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Ахаңнің есімі ұлықталды

Ахаңнің есімі ұлықталды

Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы – еліміздің рухани өмірінде айрықша маңызға ие атаулы оқиға. Өйткені, Қазақ халқының тарихы азаттық, теңдік, Тәуелсіздік үшін күреспен өрілгені баршаға аян. Сол ұлт-азаттық күрестің шарықтау шегі – ХХ ғасырдың басымен тұспа-тұс келді. Ол кезде халқымыз патша өкіметінің бодандық езгісіне түскен еді. Шұрайлы жерінен айырылып, ғылым-білім, мәдениет пен өнерден жырақ қараңғылықта қалған болатын.

Өз атамекенінде отырып осындай қорлық көрген халқына пана болуды ойлаған Ахмет Байтұрсынұлы бір жағынан ғылыми-шығармашылық, ағартушылық қызметпен айналысса, екінші жағынан саяси күрестің де бел ортасынан табылды.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың төл әліпбиінің авторы. Ұлт ұстазы төте жазу бойынша қазақ тіл білімінің негізіне айналған, ана тілімізді грамматикалық талдаған «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» секілді еңбектерді жазып шыққан. Бұл еңбектерде әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан аса құнды тілдік ережелер мен ғылыми терминдер жасалған болатын. Сонымен қатар оның «Қырық мысал», «Маса» секілді көркем шығармалары қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар туындылар. Олар әдебиетке елдік мұрат, азаттық идеясын әкелуімен құнды.

Ахмет Байтұрсынұлының Қарқаралы петициясы авторларының бірі ретінде басталған саяси күрес жолы оның Орынборға жер аударылуына себеп болды. Бұл қалада ол Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірге алғашқы жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Бұл газет қазақ халқын оқу-білім, ғылым мен мәдениетке баулумен шектелмей, елдің рухын сергітіп, санасына Тәуелсіздік, азаттық идеясын біртіндеп сіңіріп отырды.

Байтұрсынұлының ықпалымен Алаш қайраткерлеріне кешірім жарияланғаны, оның саяси наразылығының негізінде Қостанай уезінің Қазақстанның құрамына қайта өткені – оның саяси қайраткерлігінің ауқымын көрсетіп тұрғандай.

Ұлт ұстазының рухани мұрасын дәріптеуге арналған шарада жастар Ахметтің жалынды жырларын оқып, жиналған көпшілік ғалымның өнегелі өмірі жайлы тағлымды әңгімелер айтты.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР