2024-04-19 06:32:47
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

16 жылын театрға арнаған гримдеуші!

16 жылын театрға арнаған гримдеуші!
Бұған дейін қиындығы көп жұмысты еңсеріп жүрген білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік және құқық қорғау саласындағы мамандық иелері туралы жазып келген болатынбыз. Алғыс арқалаған мамандық иелерінің еңбегін халыққа жариялайтын айдарымызды бұдан әрі жалғастыратын боламыз.
Осындай мамандық иелерінің бірі – гримдеуші мамандығы. Грим – өнер. Яғни гример образ жасайды. Ол әркімнің жас ерекшеліктерін ескеріп, соған сай грим салады. Жоқ кейіпкерден бар жасау – гримдеушінің шеберлігі.
Иә, расында да грим маманы актердің бетін әрлеп, тиісті образды жасайды. Ол – күлкілі, қызықты және сенімді шығатынын театр әртістерінің әр қойылымынан байқап жүрміз. Ал осындай машақаты мен жауапкершілігі мол жұмыстың артында он саусағынан өнері тамған гримдеуші маман тұр. Ендеше, 16 жылын осы қызметке арнаған Абдурахманова Васила Олжақызы жайында толығырақ айтқанды жөн санадық.
Васила Абдурахманова 1983 жылдың 14 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы, киелі Сайрам елді мекенінде дүниеге келген. 2005 жылдан бастап Шымкент қалалық өзбек драма театрында гримдеуші қызметін үздіксіз атқаруда. Талантты қыз гримдеуші қызметімен шектеліп қалмай, өзін киелі сахнада актерлік қырынан да таныла түсті. Атап айтсақ: С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» спектаклінде – Нигара, Н.Қабулдың «Тода»– Зули, З.Салиеваның «Бай және қызметші» – Зийнет, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» спектаклінде – Бөтакөз», осы секілді 20-ға жуық қойылымдара көптеген рөлдерді жоғары деңгейде онап келді.
Талантты гримдеуші Василаның үздік жұмыстары өте көп. Соның ішінде бағын жандырған үздік кейіпкер – Абай бейнесі. Ол шығарманы оқып, мағынасын түсініп, кейіпкердің өмірін, ішкі жан дүниесі мен мінезін терең талдап, кейіпкерді шеберлікпен бояған. Әрине бұл өнер кез-келген жанның қолынан келе бермейтін дүние екені белгілі.
Еңбегі еш кетпеді, көптеген арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Жас гримдеуші еңбегін одан әрі дамыту мақсатында аянбай қызмет жасауды алдына мақсат еткен. Алдағы уақытта тек жетістіктерге жетіңіз демекпіз.
Естеріңізге салсақ, Шымкент қалалық өзбек драма театры 2003 жылы Елбасымыздың қатысуымен Оңтүстік өңірі, Сайрам ауылында салтанатты түрде ашылған болатын. Бүгінде театрға 19 жыл толды. Театр қоржынында 80 аса қойылым бар.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР