2024-11-25 07:14:36
1.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

2023 жылы қала тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтылады

2023 жылы қала тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтылады

Бүгінде халықты сапалы ауыз сумен қамту ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан тіршілік көзін қолжетімді ету үшін қалада кешенді жұмыстар атқарылуда. Қала тұрғындарының қолайлы және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қала әкімі ауыз сумен қамту мәселесін жіті бақылауына алған.

Шымкент қаласындағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында биыл 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Олар:  Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Нұртас ВС, Текесу е/м, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумақтары және Қайнарбұлақ е/м. Ал, Сайрам елдімекенінде құрылыс жұмысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда Құрсай елдімекенінде екі кезеңнен тұратын жобаның 80 пайыздан астам құрылыс жұмыстары аяқталып, 270 шақырым су құбыры орнатылды. Қайнарбұлақ тұрғын алабына ауыз су құбырын тарту құрылысы 2023 жылға өтпелі.

2023 жылы қала тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтылады

Осы жылдың қорытындысымен  Құрсай,  Асар-2, Текесу елдімекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99%-ға жетеді.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы ұсынған мәлімет бойынша, қалада өткен жылы 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша,барлығы 10 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан және Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас елді мекенінде ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан, 98%-ға өскен. Сонымен қатар, 3 магистралды суаққының құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Сайрам елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Ал, Асар 2-нің жаңақұрылысының сумен қамтылуы келер жылға өтпелі. Алдағы жылдың жоспары бойынша 3 магистралды суаққы салынып, қолданысқа берілетін болады.

Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР