Үшінші мегаполисте жаңа жатақхана пайдалануға берілді. 290 орынды студенттер үйі академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің жанынан ашылып отыр.
Қала күні қарсаңында қолға алынған салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, қалалық мәслихаттың депутаттары, университет ректоры Рабиға Қуатбекова, ұстаздар мен студенттер қатысты.
– Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкентте 121 мыңнан астам студент білім алады. Демек, шаһардың орта есеппен әр оныншы тұрғыны шәкірт саналады. Осылайша үшінші мегаполисті біз жастардың қаласы, студенттер қаласы дей аламыз. Арман қуып, қалаға келген, білімін жетілдіруді көздеген студенттер үшін мұндай студенттер үйі – таптырмас орын. Жастардың қоғаммен әлеуметтік байланысын нығайтып, тұлға ретінде дамитын, жетілетін орын да осы жатақхана. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкентті жатақханамен қамтамасыз етудің кешенді жоспары қабылданып, жүзеге асырылуда. Студенттер үйін салатын кәсіпкерлерге, оқу орындарына жұмсалған шығынды қайтарудың қаржылық тетіктері бекітілген. Ендеше, осындай жаңа жатақханалар көбейе берсін! Студенттер үйі шәкірттер үшін құтты мекен болсын! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша, Шымкентте 2021 жылы үш жатақхана пайдалануға берілді. Олар жалпы 1 100 студентке шақталған. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты әлі де ширату қажет, дейді жауапты мамандар. Себебі, әзірге қаладағы ұзын-саны 36 жатақханада 10 700 орын бар. Бұл – жалпы қала студенттерінің 9 пайызын ғана қамтитын көрсеткіш.
Мәртебелі қонақтар ғимаратты аралап, ішкі жайымен танысты. Жаңа студенттер үйі 6 ғимараттан тұрады. Жөртелесінде спорт залы орналасқан. 10 200 шаршы метр ғимараттағы бөлмелер 2, 4 және 6 орынға шақталған, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелері мен кітапханадан бастап асхана, медициналық пункт пен кір жуатын бөлмелерге дейін бар жағдай қарастырылған.
Жатақхана студенттерге арналған wi-fi интернет, лифт және бейне-бақылау жүйесімен қамтылған. Ауласы көгалдандырылып, гүлзар бой көтерген.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде екі жылдан бері жатақхана құрылысын дамыту қолға алынған. Жоспар бойынша жыл соңына дейін ел көлемінде кемінде 75 мың орынды жатақхана пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев
Фото – Серік Қосаев