2024-11-24 22:02:28
3.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

«Қазақстанда бәрі сатылады» деп жар салған волейболшыға спортшылар араша түсті

Қатал шешімді қайта қарасын! «Қазақстанда бәрі сатылады» деп салған жетісулық волейболшы Алеся Сафронованың шулы сөзіне қатысты мәселе бітер емес. Енді споршыға Қазақстан спортшылары одағы араша түсті. Тіпті жарыстан бұлай шеттетудің өзі ережеге сай емес деп отыр. Сондықтан волейбол федерациясына хат жазып, мәселені қайта қарауды талап еткен. Волейболшының өзі де уақытша шектеуге келіскенімен, бүкіл чемпионаттан сырт қалуға қарсы. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Алеся Сафронова ел чемпионатына оралуға ниетті екенін айтты. Айта кетейік, спортшы кезекті ойындардың бірінде «Қазақстанда барлығы сатылады» деген сөзінен кейін чемпионаттан шеттетілді.
Азамат Қарлығашов, Қазақстан спортшылары одағының төрағасы: — Қазақстан волейбол федерациясының ішкі тәртібін қарап көрдік. Онда шеттету туралы еш жерде жазылмаған. Тек әлеуметтік желілерде балағаттап жазса ғана осындай жаза қарастырылған екен. Одан бөлек, халықаралық волейбол федерациясының құжаттарын да қарадық. Алесяның әрекеті онда да шеттетуге жатпайды екен.
Ол аздай, кейінгі спорттық тағдыры қалай болары белгісіз болып тұр. Себебі, атқару комитетінің жақын отырысында бұл мәселе тағы қаралмақ. Осыған байланысты Қазақстан волейбол федерациясы мен Ұлттық олимпиада комитеті, Дене шынықтыру және спорт комитетіне түсініктеме беру жөнінде хат жазған. Волейболшының өзі болса, бұл жазаға әлдеқашан мойынсұнып, кешірім де сұрады. Бірақ, бүкіл чемпионаттан шығып қалуға түбегейлі қарсы.
Алеся Сафронова, «Жетісу» волейбол клубының ойыншысы: — Мені ойыннан шеттету дұрыс шешім болған шығар деп ойлаймын. Бір ойыннан шеттетсе болар еді. Бірақ олар бес ойынға қатыстырмай тастады. Жарайды, оған да көндім. Себебі, тікелей эфирде ондай сөз айтуға болмайды. Бірақ, бүкіл чемпионаттан алып тастаса, бұл үлкен қателік болғалы тұр. Өйткені мен команданың маңызды ойыншысымын.
Алесяны әлеуметтік желілерде қолдап жатқан қарапайым адамдар көп. Кеше даңқты спортшы Илья Ильин де араша түскен. Әлеуметтік желідегі жазбасында ол мұны эмоцияның көрінісі деп бағалап, спортшыға қатысты қабылданған шешімді тым қатал деген еді. Алайда отандық волейбол федерациясын бұл мәселеде алған бетінен қайтару қиын сияқты. Өйткені, федерация басшылығымен бірге бүкіл төрешілер қауымына жаққан күйе болып тұр. Мұнысын өткен жолы да айтқан.
Ермек Сырлыбаев, ҚР Волейбол федерациясының бас хатшысы: — Алдымен, ол Федерацияда бірнәрсе сатылатынын дәлелдесін. Оның дәлелі бар ма? Бұл негізі сотта қаралатын жағдай. Бізде ең әділ төрешілер. Біздің арбитрлардың әлемде рейтингі жоғары. Қандай жағдай болмасын адам өзін қадағалап, айтқан сөзіне жауап беруі керек!
Айта кетейік, шулы жағдай 12-ші қараша күні әйелдер арасындағы 29-шы ел чемпионатының бірінші турында «Жетісу» мен «Алтай» клубтарының арасында болған. Сол ойында Талдықорғандық команда 1:3 есебімен ұтылды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР