Шымкентте кәсіп бастаймын дегендерге мүмкіндік көп. Бүгінде шаһарда зауыт, фабрика ашам деп ниет білдіргендерді қолдау қарқынды жүргізіліп жатыр.
Мәселен, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындардың атқарып жатқан жұмысы ауқымды. «Azala Cotton» зауыты аталған аймақтың кіреберісінде орналасқан. Аумағы 4,5 гектар. Жобаның жалпы құны 7 млрд теңге. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы құрылған болатын. Алайда 2012 жылы зауыт тоқырауға ұшырап жабылған. Бірақ2017 жылы қайта бой тіктеп, зауыт өзге кәсіпкерлердің қолына өтіп, бүгінде қарқынды жұмыс істеп келеді.
«Azala Cotton» зауытының директоры Бекет Тұрсынхановтың айтуынша, аталған зауытта дайын мақтадан жіп иіреді. Ақ алтынды жергілікті Мақтаарал, Түркістан қалаларынан сатып алады. Бүгінде кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы 6,5 мың тонна. Мұндағы заманауи техникалар арнайы Швейцария мемлекетінен тапсырыспен әкелінген.
Айта кетейік, бұл фабрика жіп иіру саласы бойынша Қазақстанда көш бастап тұр. Өндірілген тауардың 95%-ы экспортталады. Оның ішінде көрші Ресейге 40%-ы, ал Қытайға 55%-ы жөнелтіледі.