Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
«Шымкент қаласында былтырғы маусым айында үйлері өртенген Водопьянов көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездестім. Бұл – бір жыл ішіндегі үшінші кездесуіміз. Тұрғындарды алдағы қоныс тойларымен құттықтадым.
Жаңа тұрғын үй салу мәселесі жыл бойы партияның ерекше бақылауында болды. «Nur Otan» депутаттарының қолдауымен 5 қабатты үйді салуға және инженерлік желілерді тартуға жергілікті бюджеттен 550 млн. теңге бөлінді. Жұмыстың сапасы мен мерзімінің сақталуын партиялық бақылау комиссиясы қадағалады.
«Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы, қала әкімі М. Әйтеновтің айтуынша, алдыңғы сапарда уәде етілгендей, 42 отбасы осы қараша айында құқық белгілейтін құжаттарын қолдарына алып, жаңа пәтерлерге қоныстана алады.
Осы сәтті пайдалана отырып, қиындыққа тап болғандарға қол ұшын созып, уақытша баспанамен, киім-кешекпен және барлық керек-жарағымен қамтамасыз еткен барша партияластар мен ақжүрек азаматтарға алғыс білдіремін», — деп жазды Бауыржан Байбек.