Атырау облысында Каспий жағасынан браконьерлер уақытша тұрған база табылды, деп хабарлайды Citynews.kz Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Оны Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Атырау мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерлерінің бірлескен рейд кезінде анықтады. «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы аясында Каспий теңізінің солтүстік жағалауын әуеден барлау үшін бірлескен рейдке тікұшақ тартылды.
«Рейд кезінде Жылыой ауданындағы «Терең-Өзек» кен орнына жақын жерде, қамыс қопасының арасынан уақытша «қоныс» табылған. Онда бірнеше адамға арналған төсек-орын жабдығы, газ баллоны, азық-түліктер мен су қоры, құрал-саймандар жиынтығы, автомобиль аккумуляторы, фонарьлар, қуаттағыш құрылғылар, рация мен бір ұңғылы мылтық болған. Уақытша «қоныстың» жанында жол талғамай жүруге лайықталған 2 көлік тұрған. Су жағасында 3 резеңке қайық байланған. Сондай-ақ, 7 қапқа қытайлық ау салынған» деп хабарлады Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.
Каспий жағасынан табылған көліктің бірі, сондай-ақ, резеңке қайықтар мен балық аулау құралдары салынған сөмкелер Атырау қаласына жеткізілді.